08.04.2025
Президент Архиві Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай көрме ұсынды
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толуына орай «Бірлігіміз жарасқан» тарихи-деректі көрме дайындады.
Көрмеге қазақ жерінде орын тепкен түрлі ұлт өкілдері, олардың тағдыры және елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы мемлекеттің, қоғамның рөлін көрсететін 40-тан астам бірегей архивтік құжаттар қойылды.
Мәселен, онда 1930-1940 жылдардағы 100-ден астам этностардың - корейлердің, поляктардың, немістердің, ирандықтардың, гректердің және т.б. халықтардың депортациялануы және қоныс аударуы туралы құжаттарды көруге болады.
Көрменің мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырудағы маңызды рөлін аша отырып, Қазақстан Республикасы Президенті Архиві қорындағы тарихи-құжаттық материалдарды кеңінен насихаттау.
ҚР Президенті Архиві ұсынған көрме Алматыда өткен «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл: Аналар кеңесінің мақсаты мен қоғамдағы рөлі» тақырыбындағы кездесу аясында ұйымдастырылды. Залда Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы кітаптар мен «Депортация тарихынан» кітаптар жинақтары қойылды. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің бастамасымен «Барбанг» күрд мәдени орталығы жанындағы Аналар кеңесімен бірлесе өткізді.