03.03.2025

Президент Архиві архив ісін дамытуға арналған конференцияға қатысты

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві архив ісіндегі жаһандық жаңалықтардан тыс қалмай, озық халықаралық тәжірибені зерттеуде, кәсіби пікірталастарға белсенді қатысады. Осындай маңызды алаңдардың бірі – 2025 жылғы 27 ақпанда өткен Ресей Федерациясының Құжаттану және архив ісі жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының (ВНИИДАД) жыл сайынғы конференциясы болып саналады.   Конференция аясында 2024 жылдың қорытындысы шығарылып, архив ісін дамыту, құжат айналымы және құжаттарды басқарудың цифрлық трансформациясы бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Іс-шараға 200-ден астам маман – архившілер, зерттеушілер, ғылым, білім, мәдениет және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

ВНИИДАД сарапшылары саланың негізгі тақырыптары бойынша баяндамалар жасады. Атап айтқанда, мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен интернет-ресурстар дерекқорын мемлекеттік сақтауға қабылдау, құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы мамандарға қойылатын біліктілік талаптары, сондай-ақ құжаттаманы басқаруда заманауи технологияларды қолданудың халықаралық тәжірибесі мәселелері қарастырылды.   Әр сессияның қорытындысы бойынша Архив өкілдері ВНИИДАД сарапшыларына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, архив ісінің өзекті үрдістерін талқылауға мүмкіндік алды. Жалпы, конференция бес сағаттан астам уақытқа созылды.   Айта кетейік, Архив әлемнің көптеген елдерінің архив мекемелерімен тығыз ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасады. Осындай конференцияларға қатысу серіктестік байланыстарды нығайтуға және озық әдістерді енгізуге ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар архив ісін жетілдіруге және саланың дамуына оң әсер етеді.