05.09.2025

Польша Республикасы Мемлекеттік архивтерінің басшысы Президент Архивіне келді

2025 жылғы 4 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне Польша Республикасының Мемлекеттік архивтерінің Бас директоры Павел Петшик бастаған делегация ресми сапармен келді. Бұл маңызды кездесу екі ел арасындағы архив ісі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Кездесу барысында Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина мәртебелі қонақтарды қарсы алып, мекеменің қызметі, құрылымы және халықаралық бағыттағы жұмыстары жөнінде кеңінен баяндап берді. Ол өз сөзінде Польша архивтерімен қалыптасқан серіктестік байланыстардың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Біз БҰҰ, ЮНЕСКО, Халықаралық архивтер кеңесі (ICA) және шетелдік елдердің архивтерімен тығыз ынтымақтастық орнатып келеміз. Атап айтқанда, 2025 жылғы тамыз айында Архивке ICA президенті, Люксембург Ұлттық архивінің директоры ханым Жозе Кирпс ресми сапармен келді. Бүгінгі таңда біз шетелдік архив мекемелерімен 20-дан астам меморандумға қол қойдық. Сонымен қатар, Польша архивтері мен музейлеріндегі әріптестерімізбен де тиімді серіктестік қарым-қатынас орнаған. Польша Ұлттық жады институтының, Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейінің, сондай-ақ білім беру мекемелерінің өкілдері Архив өткізген бірқатар іс-шараларға белсене қатысты», – деді Әлия Құсайынқызы. 

Өз кезегінде Польша Республикасының Мемлекеттік архивтерінің Бас директоры Павел Петшик қазақстандық әріптестеріне 1393 жылғы мамырда жазылған Алтын Орда ханы Тоқтамыстың Польша және Литва короліне жолдаған хатының архивтік көшірмесін табыстады. 

Бұл жарлық Варшавадағы Тарихи құжаттардың орталық архивінде сақталған және Алтын Орда мен Польша-Литва мемлекеті арасындағы дипломатиялық қатынастардың маңызды дәлелі десек болады. Хат хорезм-шағатай тілінде ұйғыр жазуымен жазылып, араб жазуымен бедерленген алтын таңбамен бекітілген.

Кездесу барысында архив ісінде жасанды интеллектіні қолдану туралы айтылып, сонымен қатар тарихи деректердің дұрыс түсіндірілмей қалу немесе бұрмалану қаупі де талқыланды. Архив директоры Әлия Мұстафина осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген бастамаларын атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстанда Ұлттық цифрлық архив құру мәселесі және еліміздің ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік жады» бағдарламасына белсенді қатысуы туралы бастамалары сөз болды.

Сондай-ақ, кездесу кезінде Архив басшысы қонақтарды 2026 жылдың қыркүйек-қазан айларына жоспарланып отырған архившілердің халықаралық конгресіне қатысуға шақырды. Польша делегациясы бұл шараға қатысып қана қоймай, болашақта нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Анықтама үшін:
Польша Мемлекеттік архивтері – ежелгі заманнан бүгінге дейінгі тарихи құжаттарды жинап, сақтап, қалпына келтіріп, көпшілікке қолжетімді етеді. Бұл жүйеге Варшавада орналасқан 3 орталық архив және ел өңірлеріндегі 29 аймақтық архив пен олардың бөлімшелері кіреді.