05.05.2026
Панфиловшылар ерлігіне арналған «Ұлы ерлік жолы» көрмесі таныстырылды
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Жеңіс күні қарсаңында «Ұлы ерлік жолы» атты тарихи-құжаттық көрме көпшілікке ұсынылды. Көрмеде генерал И.В. Панфилов басқарған дивизия жауынгерлерінің әскери жолын айғақтайтын сирек фотосуреттер мен құнды архивтік құжаттар қойылған.
Көрменің басты ерекшелігі – бұрын көпшілікке беймәлім болып келген тың деректердің ұсынылуы. Олардың қатарында Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллиннің бірге түскен сирек фотосуреті, жеке іс парақтары, дивизия ерлігіне арналған Алматы киностудиясының 1942 жылғы сценарийі, сондай-ақ сол кезеңде жарық көрген «За Родину» газеті бар.
Ауқымды шараға архив және қорғаныс саласының өкілдері, зерттеушілер мен тарихшылар қатысты. Cонымен қатар Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің оқушылары мен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің кадеттері арнайы шақырылды. Аталған білім беру ұйымдарының басшыларына 1942 жылы Партия тарихы институты дайындаған «8-гвардиялық дивизия» құжаттар жинағының қолжазбасы табысталды.
Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина сөз сөйлеп, архив құжаттарының тарихи жадыны сақтаудағы айрықша маңызын атап өтті.
«Көрме аты аңызға айналған Панфиловшылар дивизиясының құрылғанына 85 жыл толуына арналып отыр. Бүгінгі шара арқылы сол батырлар ерлігін дәріптеп, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рух қалыптастыруды көздеп отырмыз», – деді директор.
Көрме аясында келушілер ҚР Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейі қорынан алынған дивизияның құрылуы мен Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысты құжаттар да тамашалай алады. Сондай-ақ генерал-майор Иван Панфиловтың жеке іс қағаздарын, Бауыржан Момышұлының әскери есебін және дивизияның жауынгерлік жолын көрсететін картаны көруіне болады. Бұл материалдар көрменің тарихи мазмұнын тереңдетіп, оның танымдық құндылығын арттыра түседі.