10.04.2026

Оқушыларға арналған «АрхивSPACE»жобасы Алматыда жалғасы

Астанада бастау алған «АрхивSPACE» білім беру жобасы енді Алматы қаласында жалғасын тапты. Тарихты құжаттар арқылы тануды мақсат еткен жоба аясында №35 гимназияның 25 оқушысы Президент Архивінің Алматыдағы филиалында қонақта болды.

Балалар Архивтегі сирек және құнды құжаттар қойылған көрмені қарап, Қазақстанның өткен ғасырдағы тағдыршешті кезеңдерін шынайы суреттейтін құжаттарды өз көздерімен көрді. Оқушылар Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов сынды Алаш арыстарының өз қолымен толтырған жеке парақшалары мен өмірбаяндарын көріп, тарихи тұлғалардың болмысын жақыннан сезінді. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігін баяндайтын майданнан жазылған хаттарды оқыды. Бұл жәдігерлер жас ұрпаққа архив құжаттарының тек «қағаз» емес, тарихтың негізі екенін ұғындырды.

Экскурсия барысында балалар архивтің ішкі тынысымен, архившілердің жұмысымен танысты. Құжаттардың қалай қабылданатынын, қалай сақталатынын және оларға екінші өмір сыйлайтын реставрациялау мен цифрландыру зертханаларының жұмысын көрді.

Сондай-ақ Астана қаласындағы Архивке осы аптада елордалық төрт мектептен 124 оқушы арнайы келді: Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни атындағы № 85 мектеп-лицей, Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицей, NOTA School, Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейі, «Шарль де Голль-Мирас» халықаралық француз мектебі.

Оқушылар архившілердің күнделікті жұмысын бақылап, зертханалық корпусты аралады. Тарих сабағын архив қоймасында жалғастыру балаларға ерекше әсер сыйлады.

«Бұрын архивті тек қағаздар жиналған орын деп ойлайтынбыз. Бүгін бұл жердің нағыз тарих зертханасы екенін көрдік. Құжаттарды қалпына келтіру процесі бізді қатты таңғалдырды», – деп өз әсерімен бөлісті №53 мектеп-лицейінің оқушысы Карина Кобишева.

Айта кетейік, «АрхивSPACE» жобасы аясында жыл басынан бері 600-ге жуық оқушы архив әлемімен танысып үлгерді. Тарихи мұраны дәріптейтін бұл жоба алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастыра бермек.