18.03.2026
Наурыз тарихы Президент Архивіндегі көрмеде таныстырылды
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Наурыз мейрамының тарихы мен қайта жаңғыру кезеңін бейнелейтін сирек архив құжаттары көпшілік назарына ұсынылды. Мереке қарсаңында ашылған «Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз – ұлттық жаңғыру символы» атты тарихи-құжаттық көрмеде 1891-2010 жылдарды қамтитын 29 архивтік материал қойылған.
Экспозицияда ұсынылған құжаттардың қатарында 1920 жылғы 20 наурызда Ташкент қаласында қабылданған бұйрықтың көшірмесі бар. Аталған құжатқа сәйкес, 22 наурыз «Көктемнің басталуы – Наурыз мерекесі» деп жарияланған. Бұл құжат Жамбыл облысының мемлекеттік архивінен алынған. Сонымен қатар көрмеде Наурыздың халқымызға қайта оралуын айғақтайтын материалдар да қамтылған. Атап айтқанда, 1988 жылғы 14 қыркүйекте Ульяновск қаласында өткен республикалараралық семинарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің сөйлеген сөзі ұсынылған. Онда Наурыздың көктем, еңбек және жаңару мерекесі ретіндегі халықтық маңызы айқындалып, ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды сақтаудағы рөлі ерекше атап өтіледі.
Сондай-ақ көрмеде қоғам қайраткерлерінің хаттары, 1990-1991 жылдары Наурызға ұлттық мереке мәртебесін беру жөніндегі ұсыныстар және жергілікті атқарушы органдардың шешімдері қойылған. Мәселен, 1991 жылы қазақстандық кинематографистер Республика Президенттік кеңесіне 22 наурызды демалыс күні ретінде белгілеу туралы ұсыныс жолдаған. Аталған үндеуге ондаған әстістер мен өнер қайраткерлері қол қойған.
18 наурыз күні көрме Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі мен Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының өкілдеріне, сондай-ақ Астана қаласындағы №79 мектеп-лицейі мен С. Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясының 100-ден астам оқушысына таныстырылды. Келушілерге ерекше әсер қалдырған – архивтік фотосуреттер. Онда XIX ғасырдың соңындағы қазақ ауылдарындағы мерекелік көріністер, ұлттық ойындар – қазақша күрес пен алтыбақан бейнеленген. Сонымен бірге 1988-1992 жылдары алаңдарда өткен Наурыз мерекесінің фотосуреттері де ұсынылған.
«Көрменің негізгі мақсаты – жас ұрпақты ұлттық мерекенің тарихи тамырларымен таныстыру, архив құжаттарының маңызын көрсету және мәдени мұраға деген құрметті нығайту», – деді Архив ақпаратын ұсыну қызметінің аға сарапшысы Айжан Нұрғалиқызы.
Көрмені тамашалаған Астана қаласындағы №80 мектеп-гимназиясының оқушысы Жұлдыз Рахымберді: «Мұндай архивтік материалдарды көргенде Наурыздың біздің халқымыз үшін қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Өткен дәуірдегі мерекелік көріністер мен ойындар ерекше әсер қалдырды», – деді.
Көктемгі демалыстан кейін «ArchiveSpace» жобасы аясында бұл көрмемен елордалық мектептердің өзге де оқушылары таныса алады. Айта кетейік, 2025 жылы оқушылар әртүрлі тарихи тақырыпты қамтыған алты архивтік көрмені тамашалаған.