10.06.2026

MURA клубының екінші отырысында архив ісінің келешегі талқыланды

«Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі аясында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің саладағы өзекті мәселелерді, цифрлық трансформацияны және тарихи-құжаттық мұраны сақтауды талқылауға арналған MURA сараптамалық клубының екінші отырысы өтті.

Іс-шара MURAtalks форматында ұйымдастырылып, 100-ден астам қатысушыны – отандық және шетелдік жетекші сарапшыларды, архив мекемелерінің басшыларын, IT-сектор, креативті индустрия өкілдерін және ғылыми-академиялық қауымдастық мүшелерін бір алаңға жинады. Талқылаудың негізгі тақырыбы – «Цифрлық архивтер: мемлекет, ғылым, бизнес және креативті индустрия үшін жаңа мүмкіндіктер».

Дискуссия барысында сарапшылар құжаттық мұраны цифрлық сақтау саласындағы халықаралық тәжірибе мен үздік практикаларды ұсынды, архив саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін талқылады және архив пайдаланушыларына арналған заманауи цифрлық сервистерді құру тәсілдерімен бөлісті.

ЮНЕСКО-ның Құжаттық мұра бөлімінің басшысы Факсон Банда жаһандық «цифрлық амнезия» қаупіне назар аударып, деректерді сақтаудың тұрақты жүйелерін құрудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект ескіріп бара жатқан форматтарды анықтауға және цифрлық мұраны сақтауды қамтамасыз етуге арналған маңызды құралға айнала алады.

«Жасанды интеллект ескіріп бара жатқан форматтарды автоматты түрде анықтап, деректердің тұтастығын тексеруі тиіс, алайда мәңгі сақталатын нәрсені таңдауда адам шешім шығаруы керек. Біз дәл қазір қимылдауға міндеттіміз, әйтпесе ұрпаққа тарихтың орнына тек ашылмайтын, мағынасыз файл атауларын қалдырып қоюымыз мүмкін», – деп атап өтті доктор Банда .

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым архив саласына жасанды интеллектті енгізуге байланысты заңнамалық сын-қатерлерге назар аударды.

«Цифрлық технологиялар заманында біз өзгерістерге бейімделуіміз керек. Мәңгі қағаз құжаттармен ғана өмір сүре алмаймыз. Интертейнмент пен ақпараттық технологиялар саласындағы өзгерістерге дер кезінде жауап беру маңызды. Архивтерге деген сұраныс ешқашан жоғалмайды. Тек оған деген көзқарас өзгеруі мүмкін. Қоғамға қалай жақындай аламыз, олардың қандай қажеттіліктеріне жауап бере аламыз деген сұрақ туындайды. Осы тұрғыдан алғанда, цифрлық технологиялар аталған сұраныстарға жауап береді деп айта аламыз», - деді.

«Өзархив» агенттігінің Ақпараттық қызмет басшысы (Өзбекстан) Анваржон Алиев архивтік деректердің құндылығына назар аударып, цифрлық қоғам талаптарына сай архив саласына енгізілуі қажет инновациялар, жасанды интеллектінің әлеуеті және архивтерді қоғам үшін тартымды әрі интерактивті форматта қолжетімді етудің заманауи тәсілдері туралы баяндады.

Орталық Азиядағы аудиовизуалды және кинематографиялық мұраны сақтау жөніндегі өңірлік жобаның үйлестірушісі (Франция) Элиз Грасия ақпарат тасқыны күшейген заманда архивтер сенімді білім мен қоғамдық жадының маңызды тірегіне айналуы тиіс екеніне тоқталса, «Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КЕАҚ Басқарма төрайымы, «ÓzgeEpic» креативті хабтар желісінің негізін қалаушы Мақпал Жұмабай мұрағаттар бүгінгі таңда тарихи мұраны сақтаумен қатар, жаңа креативті жобалар мен мәдени өнімдерді қалыптастыратын стратегиялық ресурсқа айналып келеді.

Sailet компаниясының коммерциялық бөлімінің басшысы Владислав Шин архив құжаттарын заманауи цифрлық тәжірибеге айналдырудағы IT-сала мен архив мекемелері арасындағы серіктестіктің рөлі туралы айтып, тарихи мұраны жаңа форматта танытудың мүмкіндіктеріне тоқталды.

Отырыс қорытындысы бойынша сарапшылар салааралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және архив саласына инновациялық технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті. Әзірленген ұсынымдар жүйелендіріліп, оларды одан әрі қарау және тәжірибеде қолдану үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.