29.10.2025

Халықаралық архивтер кеңесінің басшысы Президент Архивінің стратегиялық рөлін атап өтті

ICA Barcelona 2025 Конгресі аясында өткен Халықаралық архивтер кеңесінің (ХАК) Бас ассамблеясында ұйым президенті Жозе Кирпс Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

Жозе Кирпс 2025 жылдың жазында Астанаға жасаған сапары туралы сөз қозғады. Ол бұл кездесу архив ісін дамытуға үлес қосатын мекемелермен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғанын жеткізді.

«Бұл іс-шаралар ХАК-тың стратегиялық миссиясын күшейтіп, архивтердің халықаралық беделін арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ әлем архившілерінің кәсіби шеберлігі мен өз ісіне адалдығы туралы түсінікті кеңейтті», – деді Жозе Кирпс.

Сонымен қатар, ХАК президенті соңғы бір жылдағы жұмыс нәтижелерін де баяндады. Оның айтуынша, ұйым архив және құжат айналымы саласындағы өзекті мәселелерді халықаралық деңгейде көтеріп, жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған стратегиялық өзгерістер жүргізіп келеді.

«Біздің мақсатымыз – ХАК-ты заманауи, нәтижеге бағытталған және мүшелеріне нақты қолдау көрсететін ұйымға айналдыру. Бұл бағытта біз ұйым мүшелерінің ынтымақтастығын күшейтіп, олардың белсенді қатысуына жағдай жасап жатырмыз. Қауымдастықтың сенімі мен қолдауы арқасында ICA-ның халықаралық беделі арта түсті. Біз әрбір мүше мекеменің еңбегін бағалай отырып, ортақ мақсатқа қызмет етуді жалғастырамыз», – деді ол.

ХАК Президенті ұйымның жылдық жұмысы туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Биылғы отырыста 30-ға жуық мәселе қаралды. Олардың қатарында аяқталған және жалғасып жатқан жобалар, басқару мен серіктестік байланыстарды дамыту, кәсіби оқыту және 2027–2029 жылдарға арналған даму жоспары бар.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 2023 жылдың ақпан айынан бастап Халықаралық архивтер кеңесінің толыққанды мүшесі. Архив шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнатып, қазақстандық тәжірибені әлемдік қауымдастыққа таныстырып келеді. 

Биыл жазда Президент Архивіне ХАК президенті Жозе Кирпс ресми сапармен келіп, мекеменің қызметімен танысты. Сапар барысында ол жас мамандармен кездесіп, цифрлық трансформация дәуіріндегі архив ісінің даму бағыттарын талқылады. Сонымен қатар Қазақстанның архив қорларын цифрландыру және тарихи құжаттарға қоғамның қолжетімділігін арттыру жөніндегі бастамаларға ерекше назар аударды.