12.09.2025

Халықаралық құқық мамандары Президент Архивінде

Астанадағы халықаралық форум аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген конституциялық сот өкілдері мен халықаралық ұйым жетекшілері Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне арнайы келіп, мекеменің жұмысымен танысты.

Іс-шараға Зимбабве Жоғарғы сотының төрағасы Люк Малаба, Зимбабве Жоғарғы сотының хаттама қызметінің өкілі Панаше Гомбиро, Түркия Конституциялық соты төрағасының орынбасары Басри Багчи, сондай-ақ басқа елдердің конституциялық соттарының төрағалары мен судьялары қатысты.

Қонақтарды Архив директоры Әлия Мұстафина қарсы алып, Астанада бой көтерген жаңа әрі заманауи ғимаратты таныстырды. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасының Конституциясының түпнұсқасы және Конституциялық сот құжаттары осы Архивте мемлекеттік сақтауда екенін атап өтті. Себебі Конституциялық сот құжаттары Президент Архивінің қорын жинақтау көздері саналатын мекемелердің бірі.

Шетелдік меймандарға «Конституция – демократияның маңызды институты» тақырыбындағы тарихи-құжаттық көрме ұсынылды. Экспозицияда Конституцияның дайындалуына қатысты бірегей архивтік құжаттар таныстырылды. Олардың қатарында жобалар, сараптамалық қорытындылар, талдамалық жазбалар мен азаматтар мен ұйымдардан келіп түскен ұсыныстар бар. 

Сонымен қатар делегаттар оқу және көрме залдары, қалпына келтіру зертханасын аралап, архив қорындағы құнды құжаттарды сақтау мен цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Шетелдік сарапшылар Қазақстанның архив ісіндегі кәсібилігіне және тарихи мұраны сақтауға бағытталған заманауи тәсілдеріне жоғары баға беріп, жылы лебіздерін білдірді.

Айта кетейік, мәртебелі меймандар Астанаға Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай Конституциялық сот ұйымдастырған «Құқық арқылы – бейбітшілік пен болашаққа» халықаралық форумына қатысу үшін арнайы келген. Бұл жиын Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде қалыптасу тәжірибесін таныстырумен қатар, халықаралық құқықтық әріптестікті нығайтуға бағытталған.