17.10.2025

Мемлекеттік органдардың құжаттанушылары Президент Архивінде оқудан өтті

Қазақстан Республикасының Президенті Архивінде Ұлттық архив қорының құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету және олармен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру мәселесіне арналған семинар өтті.

Семинар жұмысына Архивтің толықтыру көздері болып табылатын 26 ұйымның қызметкерлері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Конституциялық Сот, Жоғары сот кеңесі, Жоғары аудиторлық палата, Қазақстан Ұлттық банкі және басқа да мемлекеттік мекемелер бар.

Семинарды ашқан ҚР Президенті Архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов архивтік процестердің дұрыс ұйымдастырылуы мен белгіленген талаптардың сақталуы құжаттардың сақталуына және мемлекеттік ақпараттың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті.

Семинар барысында Архивтің жетекші мамандары – Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің Жинақтау көздерімен өзара іс-қимыл секторының меңгерушісі Мадина Исмаилова мен осы сектордың аға сарапшысы Шынар Түкешова қатысушылар алдында баяндама жасады.

Мадина Исмаилова өз сөзінде қызметтік құжаттармен жұмыс істеу тәртібі туралы нақты ұсыныстар беріп, оларды рәсімдеу мен сақтау кезінде жиі жіберілетін қателіктерге тоқталды. Сондай-ақ, таратылуы шектелген құжаттармен жұмыс жүйесінің қалыптасу тарихы мен осы саладағы нормативтік-құқықтық база туралы ақпаратты бөлісті.

Шынар Түкешова өз дәрісінде Қазақстанда таратылуы шектелген ақпаратпен жұмыс істеу жүйесінің қалыптасу кезеңдері мен құқықтық негіздеріне шолу жасады.

Семинардың теориялық бөлігінен кейін қатысушылар алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітіп, арнайы тапсырмалар орындап, қорытынды тестілеуден өтті. Барлық 26 тыңдаушы тапсырмаларды сәтті орындап, оқу курсынан өткенін растайтын электрондық сертификаттарға ие болды.

«Семинар барысында алған біліміміз күнделікті жұмысымызда үлкен көмек болатынына сенімдімін. Мұндай тәжірибелік сабақтар мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Ұлттық банк қызметкері Ақбала Насипова.

Айта кетейік, Президент Архиві жыл басынан бері осындай оқыту семинарларын жүйелі түрде өткізіп келеді. Аталған іс-шаралар ұйымдармен құжаттық жұмыс жүргізу сапасын арттыруға және мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге бағытталған. 2025 жылдың басынан бері мұндай семинарларға 380-нен астам адам қатысқан.