21.05.2026
Мемлекет басшысы III Архившілер Конгресінің маңызын атап өтті
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімі барысында III Архившілер Конгресінің маңыздылығына тоқталды. Аталған форум цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары дамыған заманда тарихи-мәдени және құжаттық мұраны сақтау мәселелерін талқылауға арналған.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы тарихи жады мен мәдени мұра мәселелеріне кәсіби әрі ғылыми тұрғыда қараудың маңызын атап өтті.
«Маусым айының алғашқы онкүндігінде III Архившілер конгресі өтеді. Биылғы басқосу жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде тарихи-мәдени және деректі мұраны сақтау мәселесіне арналады. Біз – мәдениетіміз әралуан, бауырмал әрі кеңпейіл халықпыз. Еуразия кеңістігінде маңызды орын алатын және аталған субконтинентте жан-жақты қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға атсалысып жатқан прогрессивті, бейбітсүйгіш ел ретінде Қазақстанның халықаралық беделін арттыру үшін осы мәдени ерекшелікті жан-жақты дәріптеудің мәні зор», – деді Президент.
Сонымен қатар жастарымызды жаңа геосаяси және геоэкономикалық жағдайдағы қатаң, тіпті, қатігез бәсекелес ортада барынша табысқа жетуге қазірден бастап даярлауымыз керек екенін де атап өтті.
Айта кетейік, «Digital Archive EXPO» III Архившілер Конгресі 8–12 маусым күндері өтеді. Іс-шара архив ісі мен құжаттық мұраны цифрлық трансформациялау саласындағы ең ірі халықаралық кәсіби алаңдардың біріне айналмақ.
Конгресс жұмысына әлемнің 30 елінен 400-ден астам қатысушы келеді деп күтілуде. Олардың қатарында архив мекемелерінің басшылары мен мамандары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, IT-сарапшылар, ғалымдар мен зерттеушілер бар.