02.10.2024

«Мұра институттары қоғамды орнықты дамыту жолында» атты архившілердің ІІ конгресінің жұмысы басталды

«Мұра институттары қоғамды орнықты дамыту жолында» Қазақстан архившілерінің II конгресінің жұмысы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ. Тоқаевтың құттықтау сөзінен басталды. Президент Конгрестің архив ісі саласында жаңа зерттеу тәсілдерін іздеу, идеялар мен тәжірибелермен кең ауқымды алмасу үшін болашағы зор диалог алаңы ретінде өзін сәтті танытқанын атап өтті. Сонымен қатар Конгрестің бағдарламасы заманауи қоғамдағы мұра институттарының орны мен олардың БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі рөлі туралы өзекті мәселелерді қамтитыны айтылды. Конгрестің ашылу салтанаты Қазақ-Британ техникалық университетінің «Тәуелсіздік» залында өтті. Аталмыш залда 1990 жылы 25 қазанда тарихи құжат - Қазақ КСР-ның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған. Конгресте Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі Нұрдәулет Төлеев, БҰҰ-ның Қазақстандағы жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік архивтер басқармасының директоры Мұхаммет Ахмет Токдемир құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар конгресс қатысушыларына ЮНЕСКО-ның Бас директорының орынбасары Тауфик Джеласси мен АҚШ Ұлттық архиві және құжаттама басқармасы бойынша зерттеу қызметінің атқарушы директоры Крис Нейлор бейне құттықтау жолдады.

Конгрестің пленарлық отырысын Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина ашты. Директор Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасымен таныстырып, еліміздегі архив саласын дамытудың басым бағыттарын және сала мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ пленарлық отырыста Халықаралық архившілер кеңесінің архившілер форумының Президенті, Суринам Республикасы Ұлттық архивінің директоры Рита Тьен Фу баяндама жасады. Ол соңғы жылдары климаттың өзгеруінен зардап шеккен ХАК мүшелерінің жағдайын, оларды қолдаудағы ұйымның рөлі туралы айтып берді. Сонымен қатар Рита Тьен Фу жыл сайын климаттық қауіптерден зардап шегетін Кариб теңізі аймағы үшін арнайы дайындалған стратегия жайлы да толығырақ баяндап берді.