30.07.2024

Ұлттық Банк қызметкерлеріне арналған онлайн-семинар өтті

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ағымдағы жылдың 30 шілдесінде ҚР Ұлттық Банкінің және Алматы қаласындағы өңірлік филиалдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдардағы Тұрақты Өкілдігінің қызметкерлеріне Ұлттық Банк жүйесінде құжаттарды басқаруды және архивтік сақтауды құжаттамалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша онлайн-семинар өткізді. Бұл семинар жұмысына 100 ден аса қызметкер қатысты. Аталған семинарды ҚР Ұлттық Банкінің ұйымдастыру жұмысы және бақылау департаменті директорының орынбасары И.С. Джампийсова ашып, ол өз сөзінде құрылымдылық бөлімшенің әрбір қызметкерінің құжаттау процесіне қатысуы туралы, құжаттаманы басқару жүйесіндегі архив ісінің маңыздылығын атап өтті.

Дәріскерлер ретінде Архив қорын қалыптастыру қызметінің басшысы Г.Ж. Мұқажанова, сарапшы Г.Ө. Құдайбергенова және жоғары санатты архивист Қ.М. Мырзабекова сөз сөйледі, олар архив ісінің нормативтік-құқықтық базасы және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету, істер номенклатурасын жасау әдістемесі мен мақсаты, сондай-ақ таралуы шектеулі құжаттармен жұмысты ұйымдастыруға қойылатын негізгі талаптар туралы айтып өтті. Сондай-ақ семинар барысында қатысушылардың электрондық құжат айналымын жүзеге асыру және «Е-Архив» АЖ-ның жұмыс істеуіне қатысты сұрақтарға Цифрландыру және электрондық архивтерді дамыту қызметінің басшысы Қ.М. Қабарова жауап берді.