05.08.2026
Ұлттық архивте Рысты Сариеваға арналған естелік бұрыш ашылды
Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде мекеменің тұңғыш директоры, қоғам қайраткері Рысты Халесқызы Сариеваға арналған естелік бұрыш ашылды. Іс-шара Ұлттық архивтің 20 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Естелік бұрышқа қойылған құжаттар Рысты Сариеваның жеке қорынан алынды. Экспозицияда архивтік фотосуреттер, қоғам қайраткерінің еңбек жолы мен қызмет барысындағы сәттерін бейнелейтін материалдар да ұсынылған.
Естелік бұрыштың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина қатысты. Өз сөзінде ол Рысты Сариеваның архив ісін дамытуға, құжаттық мұраны сақтауға және архивтердің ғылыми әлеуетін нығайтуға қосқан үлесіне тоқталды. Сонымен қатар кемеңгер ұстаздың жастарға сенім артып, олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік беру қағидатының бүгінгі архив саласы үшін де өзектілігін атап өтті.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары архив саласы үшін оңай кезең болған жоқ. Бірақ дәл сол уақытта Рысты Халесқызының табандылығы мен көрегендігінің арқасында еліміздің архив ісінің жаңа кезеңі басталды. Архив ясаласының заңнамалық негіздері қалыптасып, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге аса бастады, Қазақстан архивтері халықаралық кәсіби ортаға жол ашты», - деді Әлия Құсайынқызы.
Ол архив ісінің қалыптасуына зор үлес қосқан тұлғаның есімін ұлықтауға бағытталған бұл бастаманың тарихи сабақтастықты сақтаудағы маңызын атап өтті.
Естелік бұрыш Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдығына арналған «Архивтер: цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар, тарихи мұра» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында ашылды. Конференцияға мемлекеттік органдардың, шетелдік архив мекемелерінің өкілдері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен архив саласының мамандары қатысты.