03.03.2025

Әлемдік стандарттарға сай заманауи жабдықтар: Президент Архивінің қызметкерлерін оқыту

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкерлері құжаттарды реставрациялау және консервациялау бойынша жаңадан алынған 50-ден астам жабдықтармен жұмыс істеу бойынша оқудан өтуде. Оқыту үшін итальяндық Bresciani компаниясының өкілі Витторио Бришани елордаға келіп, өз тәжірибесі мен білімін қазақстандық архившілермен бөлісті. Әлемдік стандарттарға сай заманауи жабдықтар Президент Архивінің Алматы қаласынан Астанаға көшуінен кейін сатып алынған. Сарапшылардың айтуынша, озық технологияларды пайдалану зертхана жұмысының тиімділігін арттырып, құнды архивтік құжаттарды ұзақ мерзімге сақталуын қамтамасыз етеді. Оқыту барысында Архив қызметкерлері құжаттарды өңдеудің негізгі кезеңдерінде қолданылатын құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйренуде: • Дезинфекция: микроорганизмдерді жоюға арналған арнайы қондырғылар, зең саңырауқұлақтарын жою, қағаздың бұзылуын алдын алатын бактерицидтік шамдар. • Дайындау және тазалау: вакуумды үстелдер, бу қарындаштары және басқа да бөтен заттарды жою үшін қолданылатын құралдар.

• Жөндеу және нығайту: микроскоптар, престер, ламинаторлар, желімдер, парақтарды біріктіруге арналған құрылғылар, құжаттардың зақымдалған жерлерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. • Цифрландыру және көшіру: тарихи материалдарды сақтауға арналған жоғары дәлдіктегі сканерлер және сандық бейнелеу бағдарламалық құралы. Айта кету керек, қазіргі уақытта Архив үшін маңызды міндеттердің бірі құжаттарды цифрландыру болып табылады, ол құжаттардың физикалық тозудан қорғап қана қоймай, электронды форматта қолжетімді етеді. Оқытудың бірінші күні Бришани арнайы реставрациялық жабдықпен жұмыс істеуді көрсетіп, көмескі жазуларды танып, оларды сандық форматта қалай сақтауға болатынын айтып берді. Оқыту барысында архив қызметкерлері Bresciani өкілімен кеңес тыңдап қана қоймай, әр түрлі құрал-жабдықтармен жұмыс істеудің ерекшеліктерін көріп, қызықтыратын сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды. Оқытудың нәтижесінде мамандар жаңа дағдыларды меңгергенін растайтын сертификаттар алады. Олар алдағы уақытта заманауи технологиямен тиімді жұмыс істеп, өзге архившілерге білікті тәлімгер бола алады.