29.08.2025

Конституцияның 30 жылдығына орай ҚР Президентінің Архивінде үздік қызметкерлер марапатталды

30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде мерекелік жиын өтіп, онда бірқатар қызметкер директор Әлия Мұстафинаның Алғыс хатымен марапатталды, ал мектеп табалдырығын алғаш аттаған қызметкерлердің балаларына «Мектепке жол» жобасы аясында сыйлықтар табысталды.

Іс-шараны ашқан мекеме директоры қатысушыларды мемлекеттік мерекемен құттықтап, архив қызметінің қоғамдағы орны мен маңызын атап өтті.

«Архив – ел тарихының жады. Бұл жерде әр құжат - аманат, оны біздің әр әріптесіміз жіте түсінеді. Президент Архивінде жұмыс істейтін әрқайсыңызды сыйлаймын, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Бүгін бірқатар әріптестерімізді ерекшелеп, алғысымды жеткізгім келеді», – деді мекеме басшысы.

Архив саласында ондаған жылдар табысты еңбек етіп, Президент Архивінің дамуына үлесін қосқан Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің құжаттардың құндылығын сараптау секторының аға сарапшысы Г. Исмаилова, Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің аға сарапшысы А. Шамағанова, ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы құжаттардың құндылығын сараптау секторының қызметкерлері С. Нарбаева, Н. Бектенбаева, Архив қорларының сақталуын қамтамасыз ету бөлімі аға сарапшысы Н. Көпесов марапатталды. Сонымен қатар үздіктер қатарынан танылған жас буын өкілдері де марапатталды. Сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік есепке алу қызметі реставрация және консервация зертханасы – секторының біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты архившісі М. Әбдіғали, Құжаттардың құндылығын сараптау секторының біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты архившісі А. Ғұсмановаға да директордың алғыс хаты берілді. Инженерлік-пайдалану қызметінің механигі Н. Шәмшімов де табысты жұмысы үшін марапаттан тыс қалмады.

Іс-шара барысында мектеп табалдырығын алғаш аттаған қызметкерлердің балаларына Кәсіподақ атынан «Мектепке жол» жобасы аясында қажетті оқу құралдары толтырылған сөмке тапсырылды. Бұл алдағы оқу жылына оқушылардың ата-анасының жұмыс орнынан берілген сый ретінде ұсынылды.

Айта кетейік, биыл 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 30 жыл толады, бұл мереке елімізде кеңінен аталып өтпек. Осыған орай «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» ұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Мерекелік бастамаға Президент Архиві де өз үлесін қосты. Архив қабырғасында дөңгелек үстел, көрме, сондай-ақ балаларға арналған танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар өскелең ұрпаққа архивтің қоғам өміріндегі маңызын түсіндіруге және тарихи сананы қалыптастыруға бағытталды.