21.10.2026

Конституциялық Сот жобасының қатысушылары архив құжаттарымен танысты

ҚР Конституциялық Сотының ұйымдастыруымен өткен «Конституцияның үстемдігі: заңдылық мәдениеті және құқықтық сана» жобасының қатысушылары Президент Архивіне келіп, еліміздің конституциялық даму тарихына қатысты құжаттармен танысты.

Экскурсия барысында қонақтар Архивтің интерактивті көрме залын аралап, Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерімен танысты. Мұнда ұсынылған материалдар еліміздегі конституциялық өзгерістерді, мемлекеттік институттардың қалыптасуы мен құқықтық жүйенің даму жолын архив деректері арқылы зерделеуге мүмкіндік берді.

Одан соң қатысушылар Архивтің оқу залына барып, зерттеушілердің тарихи құжаттармен қалай жұмыс істейтінін және архив қорларындағы материалдарды ғылыми зерттеулерге қалай пайдалануға болатынын білді.

Экскурсия соңында қонақтар құжаттарды реставрациялау және консервациялау зертханасын аралады. Мұнда мамандардың уақыт өте тозған құжаттарды қалай қалпына келтіретінін, олардың бастапқы қалпын сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу үшін қандай жұмыстар атқаратынын көрді.