10.06.2026
III Архившілер конгресінде жасанды интеллектті қолданудың британдық тәжірибесі таныстырылды
Жасанды интеллект тарихи ойлауды дамытуға қабілетті ме, әлде оны алмастырып жібере ме? Бұл сұрақ «Жетілдірілген тарих – құжаттармен жұмыс істеу барысында білім алушылардың неғұрлым тиімді ойлауын дамыту үшін жасанды интеллектіні пайдалану» атты халықаралық практикалық семинардың негізгі тақырыбына айналды.
Семинарды өткізу 2023 жылы Абу-Дабиде өткен Халықаралық архив кеңесінің Конгресінде басталған Қазақстан Президенті Архиві мен Ұлыбритания Ұлттық архивтері арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесі болып саналады.
2024 жылы II Архившілер конгресі аясында Ұлыбритания Ұлттық архивтерінің білім беру және ағартушылық қызмет бөлімінің жетекшісі Эндрю Пейн Алматыда білім беру үдерісінде архив қорларын пайдалану бойынша арнайы семинар өткізген еді. Осы жолы да бұл ынтымақтастық өз жалғасын тауып, британдық сарапшы Қазақстан архившілерінің Конгресіне қайта қатысуда.
Бұл жолы ол 2025-2026 жылдары мектеп оқушылары мен студенттердің тілдік модельдерді (LLM) бастапқы дереккөздермен жұмыс істеу кезінде AI-тьютор ретінде қолдану бойынша жүргізілген ауқымды зерттеудің бірегей нәтижелерін таныстырды.
«Пилоттық жобаларымыздың нәтижелері біз күткеннен де асып түсті: ЖИ-ассистенттердің көмегімен оқушылар бір мезгілде, қорықпай 50-ден 500-ге дейін күрделі тарихи құжаттарды талдай алды», – деді Эндрю Пейн. – Технологиялар оларға қолмен өңдеуге бір апта кететін деректер массивін бірнеше секундта құрылымдауға мүмкіндік беріп, бірден сыни тұрғыдан талдауға кірісуге жол ашты».
Бір жарым сағатқа созылған қарқынды сессия барысында қатысушыларға жасанды интеллект технологияларының архивтік қорлардың ірі деректер массивтерін зерттеу кезінде аналитикалық тереңдікті және дербес интерпретациялау дағдыларын сақтай отырып қалай қолданылатыны нақты көрсетілді. Семинардың практикалық бөлігі фактілерді механикалық жаттаудан гөрі толыққанды дербес зерттеу жүргізуге көбірек көңіл бөлінетін цифрландырылған архивтік коллекцияларды және enquiry-based learning – проблемалық-бағдарлы оқыту әдісін қолдануға негізделді.
«Воркшоп барысында біз зерттеушінің ойлау процесін бағыттауға арналған нақты аналитикалық фреймворктерді (RICHRAB және CASE сияқты) пысықтадық, – деп атап өтті британдық сарапшы. – Оқушылар нейрожеліге жай ғана «реферат жазып бер» деп жүгінбейді, олар ЖИ-ді диалог серіктесі ретінде пайдаланады: архивтік мәтіндерге қатысты сұрақтар қояды, деректерді салыстырады және бастапқы дереккөздер негізінде өздерінің дәлелді тұжырымдарын қалыптастырады».
Спикер мен қатысушылар ақпараттың шынайылығы мен нейрожелілердегі «галлюцинация» феномені сияқты маңызды мәселеге аударды. Эндрю Пейннің айтуынша, білім берудегі жасанды интеллекттің негізгі міндеті – адам санасын алмастыру емес, зерттеушінің когнитивтік қабілеттерін күшейтіп, тарихи контексті тереңірек түсінуге көмектесу.
«Жасанды интеллект ешқашан мұғалім мен архившінің орнын алмастырмайды. ЖИ ақылды болғанымен, ол сезінуге, жанашырлық танытуға немесе тарихи әділеттілікті түсінуге қабілетті емес, – деп атап өтті Эндрю Пейн.
Біздің басты мақсатымыз – жаңа буынды ЖИ-ді тексеруге үйрету. Нейрожелінің қателіктерімен немесе ойдан шығарған деректерімен бетпе-бет келгенде студенттер міндетті түрде түпнұсқа архивтік құжатқа қайта оралып, фактчекинг жүргізеді. Дәл осы сәтте шынайы сыни ойлау қалыптасады. Біз технологияларға сене салмай, оларды бақылауымыз қажет».
Халықаралық семинар көпшілік тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, бір алаңға 200-ден астам қатысушының басын қосты.