11.06.2026
III Архившілер конгресі аясында «Архивтер қоғам үшін» тақырыбында сессия өтті
10 маусым күні III «Digital Archive EXPO» Архившілер конгресі аясында архив саласының сарапшыларын, халықаралық ұйым өкілдерін және әлемнің 30 елінен келген цифрлық технологиялар саласының мамандарының басын қосқан «Архивтер қоғам үшін» атты тақырыптық сессия өтті.
Сессияның басты мақсаты – цифрлық трансформация жағдайында архивтердің қоғаммен өзара байланысының стратегиялық бағыттары мен практикалық тетіктерін айқындау, сондай-ақ оларды гуманитарлық ғылым институттарына айналдыру мәселелерін талқылау.
Түркия Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік архивтер басқармасы маманы көмекшісі Эрсен Өзкүл жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан, архив саласындағы шешуші рөл әлі де адамға тиесілі болып қала беретінін атап өтті.
Сингапур Ұлттық архивінің аудиовизуалды архивтерінің архившісі Джун Пок қоғам мен жастарды архив қызметіне тартудағы халықаралық тәжірибесімен бөлісті. Ол құжаттық мұраны дәріптеудің тиімді интерактивті форматтары ретінде жалпымемлекеттік конкурстар мен краудсорсингтік жобалардың сәтті жүзеге асырылу тәжірибесін таныстырды.
FamilySearch International ұйымының Таяу Шығыс және Солтүстік Африка (MENA) өңірі бойынша контент-менеджері Джонатан Мак Коллумның баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды. Сарапшы отбасылық ауызша тарихты сақтау және оны жаһандық цифрлық дерекқорларға енгізу мәселесіне тоқталды.
Пікірталастың халықаралық сипатын Польшадағы Пилецкий институтының цифрлық архивтер жөніндегі мамандары Анна Олесиньская мен Павел Лесиштің бірлескен баяндамасы толықтыра түсті. Сарапшылар «Орталық Азияға жер аудару» жобасы мысалында заманауи дерекқорлардың мүмкіндіктерін таныстырды.
Пікірталас қорытындысы бойынша модераторлар мен қатысушылар цифрлық дәуірде заманауи архивтердің ведомстволық сақтау орны шеңберінен шығып, ашық интеллектуалдық платформаға және қоғамның ақпараттық мәдениетін қалыптастырудағы маңызды институтқа айналып келе жатқаны жөнінде ортақ пікірге келді.
Айта кету керек, сессия кәсіби және академиялық қауымдастықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Оған архив қызметтерінің басшылары, жетекші тарихшы-ғалымдар, ІТ-сарапшылар, стартап әзірлеушілері, ірі жоғары оқу орындарының оқытушылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, тыңдаушылармен бірге жалпы саны 150-ге жуық адамды құрады.