21.08.2025

Франция Ұлттық кітапханасының халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Президент Архивіне келді

2025 жылғы 20 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне Француз Республикасының Ұлттық кітапханасының Еуропалық және халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Жан-Франсуа Розо келді.

Кездесу барысында Архив директоры Әлия Мұстафина шетелдік әріптестерге жаңа ғимаратты таныстырды. Олар өз кезегінде Архив ғимаратының архитектуралық шешіміне, әсіресе құжаттарды қалпына келтіру зертханалары мен заманауи жабдықталған сақтау орындарын жоғары бағасын берді.

Кездесуде тараптар ынтымақтастықтың келешегін, соның ішінде цифрландыру және архив пен кітапхана саласына инновациялық технологияларды енгізу бағытындағы тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Франция тарапы серіктестікті дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ашық екенін білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві - әлемдік архив саласындағы белсенді ұйымдардың бірі. Мекеме халықаралық конгрестер мен семинарларға тұрақты түрде қатысып, өзінің алаңында жас архившілердің біліктілігін арттыруға, кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және тәжірибе алмасуға бағытталған түрлі іс-шараларды өткізіп келеді.