02.06.2025

Франция елшісімен кездесу: бірлескен жобалар пысықталды

Қазақстандағы Франция Республикасының Елшісі Сильван Гиоге Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне арнайы келіп, мекеме директоры Әлия Мұстафинамен кездесу өткізді. Кездесу өткен жылдың қараша айында Президент Архиві пен Францияның Ұлттық архивтері арасында жасалған ынтымақтастық туралы Меморандум аясында ұйымдастырылды.

Кездесу барысында тараптар бұған дейін жасалған келісімдердің жүзеге асу барысын және қазіргі таңда келісу кезеңінен өтіп жатқан Бірлескен іс-қимыл жоспарының жобасын талқылады. Аталған құжат қазақстандық мамандардың Франция архивтеріне зерттеу сапарларын ұйымдастыруды, сондай-ақ екі ел архившілері арасында тәжірибе алмасуды көздейді.

Сонымен қатар тараптар Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған дөңгелек үстелге дайындық барысына ерекше назар аударды. Әлия Мұстафина аталған шара аясында мемлекеттің конституциялық құрылымы тақырыбына арналған тарихи-құжаттық көрме өткізу жоспарда бар екенін атап өтті.

Кездесуде тараптар архив ісі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді.

Еске сала кетейік, Францияның Ұлттық архивтерімен ынтымақтастық туралы Меморандум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға жасаған мемлекеттік сапары барысында жасалған. Құжатқа ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен сол кездегі Францияның Ұлттық архивтерінің бас директоры Брюно Рикар қол қойған. Тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу және екіжақты көрмелер ұйымдастыру жөнінде уағдаласқан еді.