15.05.2025
Фотоқұжаттардың құндылығын сараптау: Президент Архивіндегі семинар
Фотоқұжаттар өткеннің көрнекі бейнесін сақтап қана қоймай, іс-шаралардың, оқиғалардың, маңызды сәттердің шынайы сипатын көрсетеді. Сол себепті оларды дұрыс бағалау, сақтау және сипаттау – архив ісіндегі маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта 2025 жылғы 15 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «Жинақтау көздері – ұйымдардағы фотоқұжаттардың құндылығын сараптау» атты семинар өтті.
Бұл күні Президент Архиві фотоматериалдармен жұмыс істеуге қатысты өзекті мәселелер талқыланған маңызды алаңға айналды. Семинар аясында архив саласының және мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерінің өкілдері бас қосты. Жалпы саны 40-тан астам адам қатысқан бұл шараға ҚР Президенті Әкімшілігі, Қазақстан Конституциялық Соты, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, ҚР Президенттік орталығы, Сыртқы саяси зерттеулер институты, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, «AMANAT» партиясы, ҚР Президентінің телерадиокешені және өзге де мекемелердің өкілдері қатысты.
«Фотосуреттермен жұмыс істегенде онда кім бейнеленген, қашан және қай жерде түсірілгені, қандай оқиға аясында болғанын нақты көрсету қажет. Бұл деректер суретті толыққанды архивтік құжатқа айналдырады. Өкінішке қарай, архивке ешқандай сипаттамасы жоқ фотоматериалдар жиі келіп түседі. Ондай суреттер түсіндірілмеген күйінде қалып қояды. Бұл болашақта зерттеушілердің жұмысын едәуір қиындатады. Себебі аннотациясыз оқиғалардың хронологиясын жасау, тарихи жағдайды қалпына келтіру өте қиын», – деді Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің аға сарапшысы А. Ермағамбетова.
Семинар барысында «Фотоқұжаттар маңызды ақпарат көзі ретінде», «Ұйымның фотоқұжаттарын қалыптастырудағы баспасөз қызметінің рөлі», «Жинақтау көздері – ұйымдардағы фотоқұжаттардың құндылығын сараптау» тақырыбында мазмұнды дәрістер оқылды Спикерлер фотосуреттердің құжаттық және мәдени маңыздылығы, оларды электрондық форматта сақтаудың заманауи тәсілдері, сондай-ақ суреттерге аннотация жасау мен сипаттама беру қағидаттары туралы айтып берді.
Дәрістерден кейін қатысушылар қызықтырған сауалдарын қойып, жауап ала алды және арнайы тестілеуден өтті.
«Бүгінгі тақырып фотоқұжаттарға, яғни фотоматериалдарды қалай дұрыс сақтау керектігіне арналды. Бұл қазіргі ақпараттық технологиялар дәуірінде өте өзекті мәселе. Әсіресе, Қазақстан тарихын дұрыс сақтап, келер ұрпаққа жеткізуде сандық суреттердің маңызы зор. Семинардан көп пайдалы ақпарат алдық. Архив ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін», -деді ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының әкімшілік бөлімі басшысының орынбасары Ж. Нурсеитова.
«Әрбір фотосурет – құнды оқиға мен тұлғаның куәгері, ал оларды жүйелі түрде сипаттап, дұрыс сақтау – ұлт тарихына жасалған құрмет. Мұндай іс-шаралар архив құжаттарын дұрыс қалыптастырып, тапсыруға жауапты мекемелер үшін аса қажет», – деді ҚР Президенттік орталығының жетекші сарапшысы Г. Әбдібекова.
Қорытынды сөз сөйлеген Президент Архиві директорының орынбасары Қ.Ш. Әлімғазинов қатысушыларға алғыс білдіріп, сертификаттар табыстады. Оның айтуынша, мұндай семинарлар архив ісіндегі кәсіби дамудың, тәжірибе алмасудың және тарихи құндылықтарды ұқыпты сақтаудың тиімді алаңы болып табылады.