24.01.2024

«Фоноқұжаттарды цифрлау және тізімдемелерінің электрондық көшірмесін құрастыру» тақырыбындағы өндірістік оқу

2024 жылғы 24 қаңтарда Архивтік құжаттарды сақтауды қамтамасыз ету, есепке алу және цифрлау қызметінің ұйымдастыруымен архив қызметкерлері мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің және Абай атындағы ҚазҰПУ-нің студентеріне «Фоноқұжаттарды цифрлау және тізімдемелерінің электрондық көшірмесін құрастыру» тақырыбында өндірістік оқу өткізілді. Өндірістік оқу барысында фоноқұжаттарды цифрлық форматқа көшіру жұмысы кезең-кезеңімен тәжірибе жүзінде көрсетіліп талқыланды, атап айтқанда: - Цифрлық форматқа көшірілетін құжаттарды сараптамадан өткізу: архив қорының жағдайын; тасымалдағыштың түрін; жазылған ақпаратты ойнату жылдамдығын; сақтау және есеп бірліктерінің санын, көлемін анықтау; қандай бағдарламада және құрылғыда, қандай форматқа көшірілетінін анықтау; - Дайындық жұмыстары: магниттік таспаларды шаң-тозаңнан тазарту; физикалық жағдайын тексеріп шығу; үзілген жерлерін қайта жалғау; арнайы монтаждау бөлігінің болу-болмауын анықтау; жазбаның сапасын анықтау;

- Құжаттарды цифрлық форматқа көшіру: алдымен дыбыстық жолақты цифрлық форматқа көшіру; артық кедергілерден тазалау; бөлек жазылған ақпараттарды біріктіру немесе бір тасымалдағышқа жазылып кеткен түрлі ақпараттарды бөлшектеу; цифрлық форматқа көшірілген құжаттарды пайдалану қорын жасау үшін тасымалдағыштарға көшіру жұмыстары. Өндірістік оқу барысында 525 метрлік А4411-6Б, А4409-6Б типіндегі жазу жылдамдығы 4,75 см/сек болатын магниттік таспа негізінде цифрлық форматқа көшіру жұмысы көрсетілді. Сонымен қатар цифрлық форматқа көшірілген фоноқұжаттарға тізімдеме жасау барысы, ғылыми-анықтамалық аппаратын жасау және тізімдеме нысаны көрсетілді. Жас мамандар тарапынан қарастырылған тақырып қызығушылық тудырып, өздеріне қажетті сауалдарына жауап алып, құрылғылармен жұмыс істеп көрді.