09.05.2025

«Ерлікке тағзым» көрмесі Алматыдағы Ұйғыр театрында ұсынылды

5 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлікке тағзым» тарихи-құжаттық көрмесін таныстырған болатын. Көрме енді Алматы қаласындағы Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театрына қойылды.

Экспозициямен театр көрермендері мен қызметкерлері ғана емес, қала тұрғындары, ардагерлер, ғылыми қауымдастық өкілдері, архив қызметкерлері мен педагогтер де таныса алады.

Көрмеде қонақтарға Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесін көрсететін бірегей құжаттар мен фотосуреттер ұсынылды. Ұлттық әскери бөлімдердің құрылуы, мобилизация, тылдағы еңбек, әйелдер мен балалардың ерлігі, сондай-ақ соғыс жылдарындағы елдің мәдени өмірі көрсетілді.

Айта кетейік, 5 мамыр күні көрме материалдарымен Қаныш Сәтбаев атындағы №56 гимназияның оқушылары, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясының курсанттары және халықаралық Lakeview мектебінің оқушылары танысты. Іс-шараға сондай-ақ ғылыми қауымдастықтың өкілдері, архив қызметкерлері, педагогтер мен архив саласының ардагерлері қатысты. Көрмені Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Архивтік құжаттарды пайдалану бөлімінің сарапшысы Г.Е. Шаукентаева таныстырды. 

Көрме Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қорлары негізінде дайындалған.