15.10.2025

Елордалық оқушылар Президент Архивінің жұмысымен танысты

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві жас ұрпақ арасында құжаттық мұраны дәріптеу ісін жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бұл аптада Астана қаласындағы №3 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушылары Архивке танымдық экскурсия жасап, ел тарихының қазынасы саналатын сирек құжаттармен танысты. Бұл кездесу жоғары сынып оқушыларының тарих пен архив ісіне қызығушылығын арттыруға бағытталған «АрхивSPACE» жобасының аясында ұйымдастырылды.

Экскурсия барысында оқушылар Архив қызметінің ерекшеліктерімен танысып, ел тарихының маңызды кезеңдерін қамтитын мазмұны терең көрмені тамашалады. Сондай-ақ олар оқу залында болып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған экспозицияны аралады. Іс-шара аясында қатысушылар Президент Архивінің виртуалды зертханасымен танысып, жаңа технологиялардың тарихи мұраны сақтау және қалпына келтірудегі рөлі туралы мәлімет алды.

«Президент Архивіне оқушылардың білімін жетілдіруге қосқан үлесі үшін, ғимаратпен арнайы таныстырғаны үшін үлкен алғысымды білдіремін. Себебі бүгін оқушыларымыз төл тарихымызға бір табан жақындап, білім көкжиегі кеңейді. Одан бөлек, ескірген құжаттардың қалай қалпына келтіретінін көріп, тарихтың сақталуы үшін жасалып жатқан архившілердің еңбегін түсінді», – деді №3 мектеп-гимназиясының математика мұғалімі Гульжан Минасова.

Бұл жолы Архивке 31 оқушы келді. Оқушылар экскурсия барасында олардың архив туралы көзқарасы түбегейлі өзгергенін айтты. Көпшілігі тарихи құжаттармен танысу барысында ҰБТ тесттерінде жиі кездесетін сұрақтарға жауап тапқанын атап өтті.

«Бұл экскурсиядан кейін оқушылардың архив жайлы ойы түбегейлі өзгерді. Өйткені біз осы уақытқа дейін архивтерді шаң басқан құжаттар деп елестетінбіз, ал қазір архивтің заманға сай дамып, жаңа технологиямен жабдықталғанын көріп отырмыз. Бүгін тарихтың ізі қалған құжаттарды көзбен көріп тарихпен бетпе-бет кездескендей ерекше әсерде тұрмыз», – дейді 11 «А» сынып оқушысы Оразгүл Жекен.

Айта кетейік, жоба екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асады: көрмелерге арналған апталық экскурсиялар және 2026 жылдан басталатын архив саласына қатысты модульдік сабақтар.