21.11.2024

Құжаттану мәселелеріне арналған конференция өтті

20 қарашада Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ұйымдастыруымен құжаттану ғылыми мектебі жайлы, оның проблемалары мен даму бағыттарын зерделеуге арналған халықаралық қатысумен ғылыми конференция өтті. Жиында құжаттанудың теориясы мен әдіснамасына, оның ішінде электрондық құжаттардың құндылығына сараптама жүргізудің ғылыми тәсілдеріне, құжаттық ортада әлеуметтік медианың жұмыс істеу және іс жүргізудегі нормативтік құжаттарда ұғымдық аппаратты қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Конференцияда Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина құттықтау сөз сөйлеп, таңдалған тақырыптың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар директор жас архившілерді құжаттанудағы жаңа бағыттарды оқыту бойынша архив тәжірибесін баяндап берді. Ғылыми форум соңында жоба жетекшісі профессор М.В. Ларин тақырып бойынша тәжірибе алмасып, жаңа идеяларды талқылау мақсатында ізденістер әлі де тоқтамау керектігін айтты.