09.06.2026

«Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі салтанатты түрде ашылды

Астанада Халықаралық архив күнінде ҚР Президенті Архивінің ұйымдастыруымен «Digital Archive EXPO» III Архившілер Конгресі өз жұмысын бастады. Бұл – жасанды интеллект пен цифрлық трансформация дәуіріндегі архив саласының болашағын талқылауға арналған ең ірі халықаралық алаң.

Биыл Конгресс әлемнің 30 елінен келген 500-ден астам қатысушының, атап айтқанда архив қоғамдастығының, халықаралық ұйымдардың, IT-сектордың, ғылым мен білім саласы өкілдерінің басын қосып отыр. Іс-шара халықаралық архивтер кеңесінің (ICA), ЮНЕСКО және Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығының және Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві алаңдарында өткізілуде.

Конгресске қатысушыларға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жолдады. Мемлекет басшысының құттықтауын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлім меңгерушісі Ербол Адаев оқып берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің құттықтау сөзінде архив саласы озық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге негізделген сапалы жаңа даму кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Мемлекет басшысы  архившілердің III Конгресі елімізде жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің айқын көрінісі екеніне, сондай-ақ форумның Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өтуі ерекше символдық мәнге ие екеніне ерекше назар аударды.

«Конгресс аз уақыттың ішінде ғалымдар мен сарапшыларды, халықаралық ұйым өкілдерін ортақ іске жұмылдырып, тиімді диалог алаңы ретінде қалыптасты. Келелі жиын архив саласын жан-жақты дамытуға, осы бағытта заман талабына сай білікті мамандар даярлауға және болашағы зор цифрлық жобаларды табысты жүзеге асыруға септігін тигізеді деп сенемін», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина бүгінгі форум бұған дейінгі Архившілер конгрестерінің заңды жалғасы екенін және цифрлық трансформация жағдайында архивтердің рөлі артып келе жатқанын атап өтті.

«Мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында Қазақстанның архив саласы заманауи цифрлық кеңістікке толыққанды кірікті. Бүгінде архивтер тарихи жадты сақтаушы ғана емес, сонымен қатар мемлекет, қоғам және жасанды интеллект технологиялары үшін сенімді деректермен қамтамасыз ететін цифрлық экожүйенің маңызды буынына айналып отыр. Архившілерге жасанды интеллект технологиялары қажет екені анық. Алайда алгоритмдер сапалы әрі тексерілген деректерсіз тиімді жұмыс істей алмайды. Сондықтан архивтер мен жасанды интеллект өзара тығыз байланыста дамуы тиіс», - деді Әлия Мұстафина.

Конгрестің ашылу рәсіміне БҰҰ-ның Женевадағы Кітапханасы мен архивінің директоры Шарлотта Линдберг Варакаулле, ЮНЕСКО-ның Құжаттық мұра жөніндегі бөлімінің басшысы доктор Факсон Банда, Халықаралық архивтер кеңесінің президенті Жозе Кирпс, сондай-ақ Түркия, Жапония, Иордания және Тәжікстан архив қызметтерінің басшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары мен архив саласының кәсіби қауымдастық өкілдері қатысты.

Форум қатысушыларына арнаған сөзінде БҰҰ-ның Женевадағы Кітапханасы мен архивінің директоры Шарлотта Линдберг Варакаулле Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөлін жоғары бағалап, Конгресс аясында көтеріліп отырған мәселелердің өзектілігін атап өтті.

«Бүгінгі III Архившілер конгресі мен көрменің ашылу рәсіміне қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Осындай күрделі өзгерістер кезеңінде кәсіби диалог, ынтымақтастық пен инновациялар үшін бірегей алаң қалыптастырғаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Халықаралық архивтер кеңесіне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының білімді сақтау, басқару және тарату ісіндегі көшбасшылығын, өңірлік және жаһандық деңгейдегі диалог пен ынтымақтастықты дамытудағы жетекші рөлін ерекше атап өткім келеді. Сондықтан Конгрестің дәл осы жерде – тарихты сақтаудың маңызын терең түсінетін және болашаққа бастайтын көпірлер құрудың құндылығын бағалайтын елде өтуі ерекше символдық мәнге ие», – деді Шарлотта Линдберг Варакаулле.

Ол алдағы пікірталастар архив ісінің болашағын айқындауға ықпал ететініне сенім білдірді.

Конгрестің басты тақырыптарының бірі – қазіргі қоғамдағы архивтің рөлін жаңаша пайымдау. Қатысушылардың пікірінше, қазіргі уақытта архив құжаттарды сақтайтын орын ғана емес, мемлекет, қоғам және жасанды интеллект технологиялары үшін деректердің сақталуын, шынайылығын және қолжетімділігін қамтамасыз ететін жаһандық цифрлық инфрақұрылымның маңызды құрамдас бөлігіне айналып келеді.

Конгрестің ашылу салтанаты барысында құжаттық мұраны сақтау және оған қолжетімділікті қамтамасыз етудің халықаралық тәсілдеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар БҰҰ-ның Жаһандық цифрлық келісімі мен ЮНЕСКО ұсынымдарының архив саласын дамытудағы негізгі бағдарлар екенін атап өтіп, цифрлық ортада архив материалдарына ашық әрі қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.

Еске салсақ, «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі өз жұмысын 12 маусымға дейін жалғастырады. Форум бағдарламасына халықаралық панельдік сессиялар, тәжірибелік семинарлар, білім беру воркшоптары, көрме жобалары және IX Халықаралық жас архившілердің жазғы мектебі енгізілген. Барлық іс-шаралар цифрлық дәуірдегі архив ісін дамытудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған ортақ мақсатпен біріктірілген.