14.03.2025
Бурабайда IV Ұлттық құрылтай отырысы өтті
Бүгін, 14 наурызда, Бурабайда IV Ұлттық құрылтай отырысы басталды. Құрылтай билік пен қоғам арасындағы диалог үшін маңызды қоғамдық алаңға айналды. Форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және құрылтай мүшелері, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина қатысты. Ұлттық құрылтай жыл сайын билік өкілдерін, сарапшылар қауымдастығын және азаматтық секторды ел дамуының негізгі мәселелерін талқылау үшін біріктіреді. Отырыстың басты назарында ұлттық бірегейлікті нығайту, әлеуметтік әділеттілік, экономикалық даму және қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар талқыланады. Президент Архиві үшін маңызды оқиғаның бірі Архив директоры Әлия Мұстафина алғаш рет Ұлттық құрылтайға мүшесі ретінде қатысты. Құрылтайда Мемлекет басшысы салық реформасы, әлеуметтік саясат, денсаулық сақтау және білім беру мәселелерін көтерді. Ол салық жүйесінің ашықтығын арттыру, бюджеттік шығындарды оңтайландыру және нысаналы әлеуметтік қолдау көрсету қажеттілігін атап өтті.
Мемлекет басшысы архивтерді цифрландыруға ерекше назар аударды, бұл тарихи құжаттарға қолжетімділікті жақсартып, оларды сақтау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. «Ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беру керек. Соңғы жылдары біз ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде 230 мыңнан астам іс, 28 миллионнан астам парақ цифрланғанын атап өткен жөн. Президенттің маңызды тапсырмалары: • Келесі Ұлттық құрылтай отырысы Қызылордада өтеді. • Президент жанында Ядролық энергетика агенттігі құрылатын болады. • Әрбір облыс орталығында ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту орталықтары ашылатын болады. • Арқалықта әуежай қалпына келтіріліп, жаңа әуежай кешені салынады. • Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы өтетін жаңа автожол құрылысы басталады. • Елде 1300-ден астам мектеп жаңғыртылады, сондай-ақ жаңа ауруханалар мен медициналық орталықтар салынады. Мемлекет басшысы Қазақстан технологиялық даму бағытын, бизнесті қолдауды және әлеуметтік саясатты нығайтуды жалғастыратынын атап өтті. Еске салайық, бұған дейін құрылтай Ұлытауда, Түркістанда және Атырауда өтті, онда елдің үш шекаралық аймағын қалпына келтіру және Республика күніне ұлттық мейрам мәртебесін қайтару сияқты маңызды шешімдер қабылданған болатын.