13.06.2025
Астанада жас архившілердің VIII Халықаралық Жазғы мектебінің жұмысы аяқталды
Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде жас архившілерге арналған VIII Халықаралық Жазғы мектеп жұмысы аяқталды. Бұл іс-шара еліміздің архив ісіндегі тәжірибе алмасу мен жаңа инновациялар тақырыбына арналды. 13 маусым күні қатысушылар оқу бағдарламасының қорытындысын жасап, архив саласын цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу, құжаттардың сақталуы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жобаларын сәтті қорғап шықты.
Жазғы мектеп «Архивтердің цифрлық трансформациялануы және деректік мұраны сақтау» тақырыбында өтті. Бұл Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамамен тығыз байланысты. Іс-шараға еліміздің 14 өңірі мен шет елдерден келген 100-ден астам архив маманы қатысты.
Төрт күн ішінде жас архившілер мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «архивтану және құжаттану» мамандығында оқитын студенттері Қазақстан мен Ресейдің жетекші сарапшыларының дәрістерін тыңдады. Сонымен қатар қатысушылар жаңа архив ғимаратында шеберлік сыныптарына қатысып, Архивтің заманауи техникалық мүмкіндіктерімен танысты.
Жазғы мектептің соңғы күні қатысушылар сегіз топқа бөлініп, тақырып бойынша жобаларын қорғады. Жоба бағыттары: мобильді қосымшаларды дайындау, жасанды интеллектті пайдалану, цифрлық оқу залдары, ведомстволық архивтерді қалыптастырудың жаңа тәсілдері, медиа кеңістіктегі архив рөлі және басқа да маңызды мәселелерді қамтыды.
Жас мамандар тарихи құжаттарды сақтап, цифрландыруға арналған ұсыныстарын ортаға салды. Солардың бірі – «Қалтадағы архив» мобильді қосымшасы. Бұл жоба азаматтарға өз тегін бірнеше минут ішінде анықтауға мүмкіндік береді.
«Цифрлық технологиялар өміріміздің барлық саласын өзгертіп жатыр. Архив ісі де бұл үдерістен шет қалмауы тиіс. Қорғалған әр жобаның кәсіби деңгейі жоғары екені байқалды», – деді Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ғылыми және жобалық жұмыс жөніндегі проректоры О. Павленко.
Іс-шара соңында 96 қатысушыға сертификат табысталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, келесі форумға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Олардың қатарында медиа кеңістіктегі архив рөлі, ұмытылған жадыны қалпына келтіру, дағдарыс кезіндегі архивті сақтау стратегиялары, жеке цифрлық архивтерді (әлеуметтік желілер, мессенджерлер) қорғау және виртуалды архивтерді пайдалану мәселелері бар.
«Бұл тек пікірлер алаңы емес, сонымен қатар әріптестермен байланыс орнатып кәсіби дамуға жол ашатын орта. Бағдарлама мазмұнды, баяндамалар әсерлі, қатысушылардың ықыласы ерекше болды. Ұйымдастырушыларға зор алғысымызды білдіреміз», – деді Молдова Республикасының Ұлттық архив агенттігінің өкілі О. Терзи.
Форумның жабылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Мұстафина архив саласында жүріп жатқан цифрлық өзгерістер кезеңінде осындай жиындардың маңызы зор екенін жеткізді. Ол форумды ұйымдастырушылар қатарынан табылатын Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне алғыс білдірді.
«Бұл VIII Жазғы мектеп біз үшін айрықша мәнге ие. Біз оны алғаш рет Астанада, бірнеше ай бұрын ғана ашылған жаңа ғимаратта өткізіп отырмыз. Бүгін «Архивтердің цифрлық трансформациялануы және деректік мұраны сақтау» тақырыбындағы VIII Халықаралық жас архившілердің Жазғы мектеп жұмысы аяқталды. Іс-шара аясында еліміздің 14 өңірі мен шетелдерден келген мамандар сегіз топқа бөлініп, тақырыптық жобаларын қорғады. Олар мобильді қосымшалар, бұлтты платформалар, виртуалды кеңесшілер, бірегей IT-шешімдер және т.б. ұсыныстарын жеткізді. Бәріне ортақ мақсат – Ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беретін шешімдер әзірлеу. Жазғы мектеп жұмысы жас мамандардың кәсіби қалыптасуына ықпал етіп, жаңа бастамаларға жол ашты деп ойлаймын», – деп қорытындылады сөзін директор.