19.06.2025

Әбіш Кекілбайұлының жеке қоры ел жадында сақталады

Кемеңгер тұлға, сөз өнерінің шебері, даланың дара перзенті – мұндай сипаттамалар көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының болмысына сай келеді. Ол халқының болашағына қаламымен де, парасатымен де, іспен де адал қызмет еткен ұлы тұлға. 2025 жылғы 19 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Әбіш Кекілбайұлының мол мұрасын – әдеби шығармалары мен саяси қызметіне қатысты құжаттарын, жеке жазбалары мен қолжазбаларын ресми түрде мемлекеттік сақтауға қабылдады. Бұл – тарихи әрі рухани мәні зор оқиға. Бұған дейін екі жылдан астам уақытта жүргізілген ауқымды жұмыстың – әр құжатты сұрыптап, ғылыми тұрғыда зерделеп, ұлт жадына айналдыру жолындағы үлкен ізденістің нәтижесі.

Әбіш Кекілбайұлы – тәуелсіз Қазақстан тарихында айрықша орны бар тұлға. Оның қаламынан туған әрбір сөзден ойдың көркемдігін, рухтың тереңдігін, ұлтқа деген адалдықтың белгісін байқай аламыз.

Жазушының ұрпақтары бұл баға жетпес рухани қазынаны көздің қарашығындай сақтап, ел игілігіне айналдыру үшін үлкен жауапкершілікпен жүйелі жұмыс жүргізді. Құжаттарды тапсыру туралы шешім – тек отбасылық емес, ұлттық деңгейдегі тарихи шешім еді.

«Біздің басты мақсатымыз – осы архивті жоғалтпай, оны дұрыс жағдайда сақтау және ғылыми айналымға енгізу. Президент Архивінде құжаттарды кәсіби сақтау жүзеге асырылып қана қоймай, оларды цифрландыру мен қалпына келтіру жұмыстары да жүріп жатыр. Кейбір жоғалған бөліктері қайта қалпына келтірілуі мүмкін. Ең бастысы – бұл материалдар зерттеушілерге, соның ішінде болашақ ұрпаққа қолжетімді болады. Архивпен келіссөзді біз екі жыл бұрын бастадық, ал 2025 жылы, Астанада жаңа ғимарат ашылатыны белгілі болған соң, нақты қадамдар жасалды – қолжазбалардың түгенделуі, жинақталуы және тапсыру кезеңі ұйымдастырылды. Одан бөлек, жазба дәптерлері, іс-сапар кезіндегі естеліктері және жеке құжаттар да тапсырылды», – деді Абыл Кекілбаев.

Бүгінгі таңда Әбіш Кекілбайұлының еңбектері мұқият жинақталып, Президент Архивіне тапсырылды. Бұл жинақ 22 мыңнан астам парақ және 308 сақтау бірлігін құрайды. Оларға автордың қолжазбалары, хаттары, Парламент пен Үкіметтегі жасаған баяндамалары, жазбалары және оның маңызды саяси іс-әрекеттерімен байланысы барлық ресми құжаттар кіреді. Әрбір парақ – тұтас бір дәуірдің тынысындай.

Айрықша назар аударатын дүние – жазушының қолжазбалары. Әбіш Кекілбайұлы барлық еңбегін – көркем шығарма болсын, ресми сөз болсын – әрдайым қолмен жазған. Қолжазбаларындағы әрбір түзету оның тиянақтылығын аңғартады.

19 маусым күні өткен ресми шараға зиялы қауым өкілдері, қаламгердің жақындары, жазушылар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен Президент Әкімшілігінің өкілдері қатысты.

Архивке құжаттарды тапсыру жөніндегі келісімге жазушының немересі Абыл Кекілбаев пен Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина қол қойды. Жеке қордың салтанатты ашылуынан кейін, қонақтар назарына тақырыптық көрме ұсынылды. Онда архивтік сирек құжаттар, фотосуреттер, Әбіш Кекілбайұлының жеке заттары мен бейнематериалдары қойылды.

«Әбіш Кекілбайұлы – терең ойлы, мемлекет пен елге адал қызмет еткен қайраткер. Ол Жоғарғы Кеңестің төрағасы, Мемлекеттік хатшы сияқты жауапты қызметтерде болып, тәуелсіз елдің даму бағытына үлкен үлес қосты. Оның жеке архиві – егемен Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі саяси шешімдер мен тарихи оқиғаларды терең зерделеуге мүмкіндік беретін құнды дереккөз», – деді Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина.

Айта кетейік, бүгінде Президент Архивінде 1,5 миллионнан астам сақтау бірлігі тіркелген. Оның ішінде мемлекет қайраткерлерінің, ғылым мен мәдениет өкілдерінің жеке қорлары маңызды орын алады.

Әр жеке қорға бірегей нөмір беріліп, тарихи анықтама мен архивтік сипаттама жасалады. Архив мамандары құжаттарды тек сипаттап қана қоймай, әр қағазды жүйелі түрде реттеп, сол арқылы уақыт контекстін сақтап, жеке архивті ғылыми және мәдени мұраға айналдырады. Олардың еңбегінің арқасында болашақтағы зерттеушілер мен азаматтар қажетті құжаттарды оңай таба алады.

Келешекте Әбіш Кекілбайұлының мұрасы электрондық форматта да қолжетімді болады. Бұл – жазушының рухани мұрасы тек кітаптарда ғана емес, сонымен қатар ашық цифрлық кеңістікте де сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатынын білдіреді.

*Анықтама үшін: Президент Архиві соңғы жылдары архивтік қорларды цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Бүгінгі таңда 25 миллионнан астам құжат сандық форматқа көшірілді. Зерттеушілерге ұсынылатын материалдардың 90 пайызы электронды түрде қолжетімді.