31.10.2025

Барселонада өткен Халықаралық архивтер конгресі өз жұмысын аяқтады

Барселона қаласында «Knowing Pasts, Creating Futures» тақырыбымен өткен Халықаралық архивтер конгресі (ICA Barcelona 2025) өз жұмысын қорытындылады. Төрт күнге созылған ауқымды форум әлемнің түкпір-түкпірінен келген архив саласының мамандары мен сарапшыларын біріктіріп, заманауи архив ісінің даму бағыттарын талқылауға арналды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві делегациясы да форум жұмысына белсене қатысып, мекеменің стратегиялық бағыттары мен инновациялық жобаларын таныстырды. Қазақстандық архившілер пікірталастарға қатысып қана қоймай, форумның маңызды сессияларының бірінде модератор әрі спикер ретінде сөз сөйледі.

Конгресстің қорытынды күні мазмұнды кездесулерге толы болды. Таңертеңгі сессиялар архив саласындағы жаңа технологиялар мен инновацияларға арналды. Кейін ҚР Президенті Архивінің өкілдері Жапонияның Ұлттық архиві басшыларымен кездесті. Тараптар екі мекеме арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумның мазмұнын талқылап, құжатқа қол қоюға дайын екендерін жеткізді. Сондай-ақ жапондық әріптестер 2026 жылы Астанада өтетін III Архившілер конгресіне қатысуға ниет білдірді.

Форум аясында белгілі сарапшы Труди Хаскамп Петерсон «Үміт қағидаты: архивтер мен адам құқықтары» тақырыбында дәріс оқыды. Ол архивтердің адам құқықтарын қорғаудағы рөлін атап өтіп, тарихи әділдікті қалпына келтірудегі деректердің маңыздылығына тоқталды.

Жабылу салтанатында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғысын білдіріп, келесі Халықаралық архивтер кеңесінің конгресі Малайзияда өтетінін хабарлады.

Айта кетсек, Конгресс аясында ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина «Архив ісіндегі жасанды интеллекттің рөлі» тақырыбындағы сессияны басқарды. Бұл жиында Қытай, АҚШ, Колумбия, Нигерия және Қазақстанның жетекші мамандары цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті архивтерді басқару ісіне енгізу тәжірибесін талқылады. Сессияға әлемнің 200-ден астам маманы қатысып, үлкен қызығушылық танытты.

Сондай-ақ ҚР Президенті Архивінің делегациясы постерлік сессияда мекеме қызметін таныстырды. Мұнда ондаған ұлттық архив өз бастамаларын ұсынды. Цифрлық форматта безендірілген қазақстандық экспозиция қатысушылардың зор қызығушылығын тудырды. Келушілер архивтік процестерді цифрландыру мен аймақтағы кәсіби ынтымақтастықты дамытуға бағытталған «Қазақстан архившілерінің конгресі» жобасымен танысты.