18.09.2025

Бақытжан Ақтайлақ: Архив – зерттеу мен жаңашылдық алаңы

Қазіргі заманғы архив – бұл тек құжаттар сақталатын орын емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулер жүргізіліп, тарихи жады зерделенетін маңызды мекеме. Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде архив ісі мамандарымен қатар реставраторлар, тарихшылар және ғылыми қызметкерлер де еңбек етеді. Олар күн сайын мыңдаған құжатты зерттеп, жинақтар, кітаптар мен ғылыми мақалалар әзірлейді. Бұл туралы толығырақ «Архив мамандары» айдарынан оқи аласыздар.

Бақытжан Ақтайлақ – архив саласында еңбек етіп жүрген жас буын өкілдерінің бірі. 2025 жылдың сәуір айынан бері ол Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Ғылыми-зерттеу орталығында қызмет атқарып келеді. Тарихшы мамандығын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде меңгерген.

«Көптеген адамдар архивті тек шаң басқан сөрелер мен ескі құжаттар деп ойлайды. Алайда бүгінгі архив – бұл құжаттарды сақтау орны ғана емес, заман талабына сай дамып келе жатқан ғылыми-зерттеу орталығы. Мұнда архившілерден бөлек зерттеушілер, ғалымдар мен сарапшылар да еңбек етеді», – дейді ол.

Маманның айтуынша, архив ісінің маңызды бағыттарының бірі – ғылыми зерттеулерге қажетті құжаттарды іріктеп, оларды терең ғылыми сараптамадан өткізу. Бұл – күрделі әрі жауапты жұмыс, әрі тарихи еңбектердің негізін қалайды. Бір жинақты жарыққа шығару үшін кейде бірнеше ай, ал кейде тіпті бірнеше жыл қажет болады.

Соңғы бірнеше жылдың ішінде Архив ұжымы оқырманға жиырмадан астам құжаттық жинақ пен ғылыми басылым ұсынды. Олардың қатарында – «Алашорда ісі. 1920–1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты көптомдық жинақ, Жұмабай Шаяхметовке арналған құжаттық басылым, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлікке тағзым» атты кітап бар. Бұл – Бақытжан Ақтайлақтың айтуынша, архившілердің қажырлы еңбегінің нәтижесі, себебі бір жинақты шығару үшін мыңдаған құжатты сараптап, зерттеу қажет.

«Біз тек тарихи құжаттарды жинап, есепке алумен шектелмейміз, оларды тұтастай келер ұрпаққа жеткізуге тырысамыз. Егер архив – ұлттың жадысы болса, оны сақтау мен ғылыми айналымға енгізу – біздің ең басты міндетіміз», – дейді жас тарихшы.

Қазіргі таңда Архивтің тарихшы және ғылыми қызметкерлері ауқымды ғылыми жобалармен айналысып жатыр. Соның бірі – «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қазіргі заман тарихы құжаттарымен жинақталуы: тәжірибе, мәселелер және перспективалар» атты ұжымдық монография. Бұл еңбекті әзірлеу шамамен екі жылға созылды. Монография 2025 жылдың соңына дейін жарық көреді деп жоспарланып отыр.