22.06.2026

Халықаралық ынтымақтастық аясында Президент Архивінің қызметкерлері арнайы курстан өтіп жатыр

ҚР Президенті Архивінің қызметкерлері БАӘ Ұлттық кітапханасы мен архивтері мекемесінің сарапшылары әзірлеген мамандандырылған біліктілікті арттыру курсынан өтіп жатыр. Қатысушылар бір апта бойы архив саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, кәсіби тәжірибе алмасады және Біріккен Араб Әмірліктерінің архив мекемелерінде қолданылатын тәжірибелермен танысады.

22-26 маусым аралығында өтетін курсқа ҚР Президенті Архивінің 25 қызметкері қатысуда. Семинар бағдарламасына архив терминологиясы мен заңнамасы, құжаттарды олардың өмірлік циклінің әртүрлі кезеңдерінде басқару, архив материалдарын ғылыми өңдеу, архив қоймаларын ұйымдастыру және архив ісіне цифрлық технологияларды енгізу мәселелері енгізілген.

Семинардың алғашқы күні «Архив терминологиясына жалпы кіріспе» тақырыбына арналып, архив ісі тәжірибесінің эволюциясы, архив ісінің негізгі теориялары мен мектептері, халықаралық архив ұйымдарының қызметі, заманауи архив терминологиясы, архив қызметінің заңнамалық негіздері және халықаралық архив стандарттары қарастырылды.

Дәріс барысында спикер архив ісінде кәсіби терминологияны бірізді қолданудың қажеттілігіне назар аударып, мамандардың тиімді қарым-қатынас орнауы үшін ортақ ұғымдық аппараттың маңызын атап өтті.

«Тиімді коммуникация кәсіби терминдердің бірыңғай түсінігінен басталады. Мамандар бір тілде сөйлеген кезде, олар құжаттар мен архивтерді басқару міндеттерін әлдеқайда тиімді орындай алады, олардың ұзақ мерзімді сақталуын, түпнұсқалығын және болашақ ұрпақ үшін қолжетімділігін қамтамасыз етеді», – деді БАӘ Ұлттық кітапханасы мен архивтерінің техникалық сарапшысы Соуфиан Бухаррат.

Айта кетейік, семинар ҚР Президенті Архиві және БАӘ Ұлттық кітапханасы мен архивтері мекемесінің арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. 2023 жылы басталған бұл ынтымақтастықтың нәтижесінде тараптар кәсіби тәжірибе алмасып, халықаралық іс-шараларға қатысып және бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асырып келеді.

Еске сала кетейік, 2025 жылы Астанадағы Президент Архивіне БАӘ Ұлттық кітапханасы мен архивтерінің бас директоры Абдулла Маджид Әл-Али мырза келіп қайтқан болатын. Кездесу барысында тараптар архив ісін дамыту перспективаларын, екі ел архившілері арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуды, сондай-ақ бірлескен тағылымдамалар мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылады.