09.06.2023
Бүгін халықаралық архившілер күні жас архившілердің Жазғы мектебінің жұмысы аясында ерекше аталып өтті
Осыдан 75 жыл бұрын Халықаралық архивтер кеңесі құрылған. Архивтер кеңесі әлемнің архив мекемелері мен тәжірибешіл архившілерін біріктіріп, бүкіл адамзаттың архивтік мұрасын сақтауға жәрдемдесіп отырған Халықаралық абыройлы орган. Осы ұйымның құрылуына орай 9 маусым Халықаралық архившілер күні атанған болатын. Жазғы мектепті қорытындылау рәсімінде Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ.Мұстафина жас архившілерге бүгінгі алған жаңа білімдері мен алмасқан тәжірибелерін архив ісінде шеберлікпен қолданасыздар деп сенім білдіріп, бұдан арғы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол өз сөзінде Халықаралық архивтер кеңесі архив ісі мен құжаттарды басқарудың кәсіби мәселелері бойынша тәжірибелерімен, зерттеулерімен және идеяларымен барлық өркениетті елдердің архившілеріне тәлімгерлік бағыт беріп келеді. Әлемнің архивтерін жетілдіру мен үдемелі өсірудің әрқашан бастамашысы және халықаралық инновациялық жобаларды енгізудің басты интеграторы болып келген ІСА ұйымының мәртебесі архившілер үшін әрқашан ерекше болып қала беретінін айтып өтті. Осы дүниежүзілік Архившілер күні мерекесінің қабылдануына себепкер болған ІСА ұжымына шығармашылық табыстар тілеп, жылы лебізін білдірді.
Жазғы мектептің спикері Анкара қаласындағы (Түркия) Хаджеттепе университетінің профессоры Мехмет Кылынчкая архивтердің маңыздылығына тоқталып тарих ғылымы мен архивтің бір-бірімен тығыз байланыстылығын, сонымен қатар тарихи құжаттың ғұмыры архивке сақтауға түскен де ғана болашақта зерттеушілерге қолжетімді болатындығын атап өтті. VI Халықаралық жас архившілер жазғы мектебінің қатысушыларына аталған жобаның серіктес ұйымдарының басшылары қол қойған сертификаттар табыс етілді: Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры А.Х. Мұстафина, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ж.Қ. Түймебаев және Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ректоры А.Б. Безбородов. Жазғы мектеп қонақтары үшін «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне және Есік көліне арнайы экскурсия ұйымдастырылды.