20.04.2025

Қазіргі заманғы тарих құжаттарын жинақтау: тәжірибе мен әдіснама

2025 жылғы 18 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде отандық архив саласының тәжірибелі мамандары мен сарапшылары бас қосып, қазіргі заманғы тарих құжаттарымен жинақтаудың өзекті мәселелерін талқылады. Жиынды Архивтің Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығы ұйымдастырды.

Кездесуге архив саласының үздік сарапшылары мен мамандары, мемлекеттік және өңірлік архивтердің қызметкерлері, ғылыми мекемелердің өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелде ҚР Президенті Архивінің қызметкерлері Қ. Әлімғазинов, Е. Сыздықова, Қ. Қабарова, Қ. Қабдулова, Г. Исмаилова мен Г. Мұқажанова баяндама жасады. Сонымен қатар, шақырылған спикерлер қатарында Президенттік орталықтың өкілі А. Асанбаева мен Павлодар облыстық мемлекеттік архивінің қызметкері Н. Кубик болды.

«Мемлекеттік архивтерді қазіргі заманғы тарих құжаттарымен жинақтаудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстелде цифрлық ресурстарды тарихи дереккөз ретінде пайдалану, электронды фотоқұжаттармен жұмыс істеу, жеке тектік қорлар мен мемлекеттік емес ұйымдардың құжаттарын жинақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.

 ҚР Президенті Архивінің Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің жетекшісі Гүлнара Мұқажанова архивтердің мемлекеттік емес ұйымдармен өзара іс-қимылы жөніндегі мәселелерге арнайы тоқталды.

«Ұлттық архив қорының құрамын қалыптастыруда тек мемлекеттік секторға басымдық беру қағидасы бүгінгі заман талабына сай келмейді. Қазір біз үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің құжаттарында тарихи үдерістер, азаматтық белсенділік пен халықтың өзгерістерге деген реакциясы жайлы аса құнды деректер барын көріп отырмыз. Дұрыс, я бұрыс құжат жоқ, себебі бәрі тарихтың бір бөлшегі»,- деді Г. Мұқажанова.

Қатысушылар тарихты сақтау ісінде «осы сәтте және дәл қазір» қағидаты бойынша жинақтау – қазіргі заманның басты талаптарының бірі екенін атап өтті. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар архивтік жинақтаудың өзекті мәселелерін талқылап қана қоймай, практикалық сұрақтарға жауап алды, білімдерін бөлісті, жаңа идеялар ұсынып, дереккөздермен және қор құрастырушылармен жұмысты жетілдіру жолдарын қарастырды.

Кездесу қорытындысы ретінде дөңгелек үстел материалдары «Жаңа архив» ғылыми журналының алдағы сандарының бірінде жарияланбақ. Бұл бастама кәсіби пікірталасты жалғастырып, архив ісі мамандары мен зерттеушілер қауымына тың идеяларды қолжетімді етуге мүмкіндік береді.