26.02.2025

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ұжымдық монография шығармақ

ҚР Президентінің Архиві «Қазақстан Республикасы Президентінің Архивін қазіргі заман тарихының құжаттарымен толықтыру: тәжірибе, мәселелер және перспективалар» атты монографиясын аяқтауға жақын.

Архив қызметкерлері аталған жұмысты дайындауға екі жыл уақыт жұмсады.

Монография төрт бөлімнен тұрады. Онда құжаттық қорды толықтырудың ғылыми және практикалық негіздері қарастырылып, ТМД елдерінің тәжірибесіне талдау жасалған. Сонымен қатар, құжаттық кешендерді қалыптастырудың әдіснамалық ұстанымдары мен мемлекеттік архивтер қорларын толықтыру үдерісінің кезеңдері кеңінен сипатталады. Архивтің жинақтау көздері-ұйымдарымен жұмыс жасау ерекшеліктеріне, ұйымдар мен мекемелердің құрамын айқындау, құжаттардың түрлері мен іс жүргізу барысында пайда болатын жаңа құжаттық нысандарды анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Монографияда сондай-ақ Архивтің ақпараттандыру бағытындағы тәжірибесі жинақталып, 1994 жылдан бері жүзеге асқан цифрлық трансформация кезеңдеріне талдау жасалған.
Практикалық ұсынымдар бөлімінде архив қызметін жетілдіруге арналған инновациялық тәсілдер ұсынылады. Онда құжаттарды сақтаудан бастап, оларды цифрландыру жағдайында тиімді пайдалану мәселелеріне дейінгі кешенді шаралар қарастырылған.

Көктемде монографияның қолжазбасы Ғылыми кеңес мүшелерінің талқылауына ұсынылып, сараптама нәтижелері негізінде баспадан шығады деп күтілуде.