11.06.2026

ҚР Президентінің Архиві шетелдік делегациялармен бірқатар кездесу өткізді

«Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі аясында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің басшылығы шетелдік делегациялармен бірқатар жұмыс кездесуін өткізді. Келіссөздердің негізгі мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты дамыту, кәсіби тәжірибе алмасу, архив саласын цифрлық трансформациялау және бірлескен бастамаларды іске асыру.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Жапония Ұлттық архивінің вице-президенті Ичиро Фуруямен кездесті. Тараптар 2025 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Токиоға ресми сапары барысында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумды одан әрі жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ғылыми-білім беру саласындағы бірлескен бастамалар, кәсіби тәжірибе алмасу және архив қорларын цифрландырудың заманауи тәсілдері сөз болды.

Екі елдің архив мекемелері арасындағы ынтымақтастық бірнеше жылдан бері табысты дамып келеді. 2024 жылдың желтоқсанында Президент Архивінің делегациясы Токио қаласына сапармен барды, ал 2025 және 2026 жылдары қазақстандық мамандар жапон тарапы ұйымдастырған халықаралық семинарларға қатысты.

Конгресс аясында Корея Республикасының Президенттік архиві делегациясымен де кездесу өтті. Кездесуге қатысушылар институционалдық байланысты кеңейту перспективаларын, өзара түсіністік туралы меморандум жобасын әзірлеуді, сондай-ақ архивтік үдерістерді цифрландыру, архив қорларының сақталуын қамтамасыз ету және заманауи ақпараттық технологияларды енгізу салаларында тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Президент Архивінің басшылығы Оман Сұлтанаты Құжаттама және архивтер жөніндегі ұлттық басқармасының делегациясымен келіссөздер жүргізді. Кездесуде архивтік құжаттарды цифрлық форматта сақтау, құжаттар мен жазбаларды басқару, құжаттарды қалпына келтіру және олардың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді қолдау және пайдаланушылардың архив материалдарына қолжетімділігін кеңейту үшін заманауи технологияларды пайдалану мәселелеріне баса назар аударылды.

Кездесулер қорытындысы бойынша шетелдік әріптестер Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметімен танысып, архив қоймаларын, реставрациялық зертханаларды және Архивтің цифрлық алаңдарын аралап көрді. Тараптар кәсіби байланыстарды одан әрі дамытуға, тәжірибе алмасуға және заманауи архив ісін дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екендіктерін растады.