09.06.2026

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Халықаралық архивтер кеңесі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Халықаралық архивтер кеңесі (ICA) құжаттық мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау, сондай-ақ Орталық Азия архив қауымдастығының кәсіби әлеуетін нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту мақсатында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен Халықаралық архивтер кеңесінің президенті Жозе Кирпс қол қойды. Меморандум архивтерді цифрлық трансформациялау, кәсіби білім беру, ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық тәжірибе алмасу және озық архивтік тәжірибелерді енгізу салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Қазақстанның архив қызметін халықаралық кәсіби кеңістікке толыққанды интеграциялау біз үшін стратегиялық басымдық болып табылады. Бұл тұрғыда Меморандум әлемдік архив кеңістігі арқылы озық тәжірибелермен алмасуға және тұрақты дамуға кең жол ашады деп сенеміз», - деді Әлия Мұстафина.

Өз кезегінде Халықаралық архивтер кеңесінің президенті Жозе Кирпс өңірлік ынтымақтастықты нығайту мен Орталық Азия архивтерінің халықаралық бастамаларға белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталды.

«Халықаралық архивтер кеңесі үшін Орталық Азия өзінің бай құжаттық мұрасы мен бірегей архивтік коллекциялары арқылы ерекше қызығушылық тудырады. Осы меморандумға қол қою кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге, халықаралық байланыстарды нығайтуға және өңірдің архив қауымдастығының құжаттық мұраны сақтауға бағытталған жаһандық бастамаларға белсендірек қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Жозе Кирпс.

Ынтымақтастық аясында өңірдегі архив мекемелерін қолдауға, сарапшылық желілерді дамытуға, білім мен тәжірибе алмасуға және кәсіби өзара іс-қимылдың жаңа алаңдарын қалыптастыруға ерекше назар аударылады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Халықаралық архивтер кеңесі арасындағы ынтымақтастық 2022 жылдан бері жалғасын тауып келеді. Дәл сол жылы ХАК Архившілер конгресін өткізу туралы Президент архивінің бастамасын қолдады. Бірінші Конгресс жұмысына Халықаралық архивтер кеңесінің атқарушы директоры Карлос Серрано Васкес қатысқан еді.

2023 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві аталған беделді ұйымның мүшесі болып табылады. Сол жылы Архив делегациясы ХАК-тың Абу-Дабиде өткен ірі Халықаралық конгресіне, ал 2025 жылы Барселонада өткен конгресіне қатысты.

2025 жылы Халықаралық архивтер кеңесінің президенті Жозе Кирпстің Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне жасаған сапары екі мекеме арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты. Ал бүгін қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум тараптардың архив ісі, цифрландыру, білім беру және халықаралық тәжірибе алмасу салаларындағы әріптестікті одан әрі дамытуға деген ортақ ұмтылысын айқындады.