25.04.2025
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві халықаралық байланыстарын нығайтуда
2025 жылғы 24 сәуірде Амман қаласында «Ұлттық кітапханалар мен архивтердің өзгермелі цифрлық ортадағы ұлттық жадыны сақтау рөлi» тақырыбындағы халықаралық конференция өз жұмысын аяқтады. Форум қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Иордания мекемелерімен әріптестік орнату туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Конференцияда ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің білім беру саласындағы тәжірибесі: әріптестік, жобалар және перспективалар» тақырыбында баяндама жасады. Директор жас архившілерге арналған жазғы мектеп, хакатондар, университеттермен бірлескен жұмыс туралы баяндап, жастарды тарихи жадыны сақтау ісіне тартудың маңызын атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің білім беру және ағартушылық қызметі –архившілердің, зерттеушілердің, белсенді азаматтар мен патриоттардың жаңа буынын қалыптастырады деп ойлаймын. Бұл Архивтің тек өткенді сақтаушы ғана емес, болашақты құруға да ықпал ете алатынын көрсетеді», – деді Әлия Құсайынқызы.
Баяндаманың бір бөлігі архив ісін цифрландыру тақырыбына арналды. Директор архив жұмысында заманауи цифрлық технологияларды енгізу – заман талабына және қоғам сұранысына толықтай сай келетінін атап өтті.
Конференция аясында қазақстандық делегация иордандық әріптестерімен, соның ішінде Иордания Ұлттық кітапханасы, Катардың Ұлттық архиві және Иорданияның Хашимиттік Құжаттама орталығы басшылығымен жұмыс кездесулерін өткізді. Тараптар архивтік қорларды цифрландыру, өзара тәжірибе алмасу және денсаулық сақтау саласындағы жобаларға қатысты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Еске сала кетейік, Иордания Ұлттық кітапханасы ұйымдастырған бұл конференцияға Қазақстан, Алжир, Египет, Катар, Малайзия, Оман, Палестина және Сауд Арабиясын қоса алғанда 15-тен астам елдің өкілі қатысты.
Үш күн бойы қатысушылар архивтер мен кітапханалардың алдында тұрған өзекті мәселелер - цифрландыру, зияткерлік ресурстарды құқықтық қорғау, авторлық құқық, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект енгізу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, архив мекемелерінің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және ұлттық бірегейлікті нығайтудағы рөлі де басты назарда болды.