09.06.2026
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві сала қызметінің тиімділігін арттыруға арналған цифрлық әзірлемелерді таныстырды
«Digital Archive EXPO» III Халықаралық архившілер конгресі аясындағы көрмеде Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві архив қызметінің тиімділігін арттыруға және құжаттық мұраға қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған цифрлық әзірлемелерін ұсынды.
Ең маңызды жобалардың бірі – AI Geotopography жүйесі. Бұл архив қоймаларын басқаруға арналған интеллектуалды платформа архив қорларының цифрлық картасын жасауға, істерді QR-таңбалау арқылы олардың орналасу топографиясын қалыптастыруға және архив қоймаларының техникалық паспорттарын автоматты түрде әзірлеуге мүмкіндік береді.
Жүйе нақты уақыт режимінде температураны, ылғалдылықты, қоймалардың толымдылық деңгейін және басқа да көрсеткіштерді бақылап, құжаттарды сақтау шарттарындағы ауытқуларды анықтайды әрі оларды жою бойынша ұсынымдар береді. Аталған әзірлеме өңір үшін бірегей жоба болып саналады және Орталық Азиядағы архивтік шешімдер арасында әзірге баламасы жоқ.
Тағы бір әзірлеме – қазақ және орыс тілдеріндегі қолжазба және машинкамен терілген құжаттарды автоматты түрде тануға арналған AI Archival Recognition System жүйесі. Бұл шешім құжаттардың деректемелері мен ақпараттық өрістерін айқындап, кейіннен құрылымдалған деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әзірлеушілердің мәліметінше, жүйені енгізу құжаттарды өңдеу жылдамдығын 40 есеге арттырған.
Архив материалдарына қолжетімділікті кеңейту мақсатында AI Mura – Virtual Guide виртуалды гиді әзірленді. Жүйе қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сұхбат қүрып, сұрақтарға тек архивтік деректер негізінде жауап бере алады.
Сонымен қатар көрмеде құжаттардың тарихи және практикалық құндылығына сараптама жүргізуге арналған интеллектуалды көмекші – QuralAI Assistant таныстырылды. Жүйе құжаттарды бастапқы талдау мен сараптамалық қорытындыларды дайындау үдерісін автоматтандыруға көмектеседі, алайда түпкілікті шешімді бұрынғыдай архивші-сарапшы қабылдайды.
Ұсынылған барлық әзірлемелер архив саласының нақты қажеттіліктері негізінде жасалып, кезең-кезеңімен енгізілуде. Әзірлеушілердің айтуынша, жасанды интеллект архившінің орнын алмастырмайды, мамандардың жұмыс тиімділігін арттыруға және күнделікті қайталанатын операцияларды орындауға кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік беретін көмекші құрал ретінде қарастырылады.