09.10.2025
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві «АрхивSPACE» жобасының екінші легін қабылдады
Астана қаласындағы №2 Ғафу Қайырбеков атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне экскурсияға келді. Бұл – жастар арасында тарих пен құжаттық мұраға қызығушылықты арттыруды мақсат еткен «АрхивSPACE» жобасының екінші легі.
Экскурсия барысында оқушылар Архив қызметінің ерекшеліктерімен танысып, ел тарихының маңызды кезеңдерін қамтитын мазмұны терең көрмені тамашалады. Сондай-ақ олар оқу залында болып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған экспозицияны аралады. Іс-шара аясында қатысушылар Президент Архивінің виртуалды зертханасымен танысып, жаңа технологиялардың тарихи мұраны сақтау және қалпына келтірудегі рөлі туралы мәлімет алды.
«Бүгін біздің оқушылар тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдерін бейнелейтін тарихи құжаттардың көшірмелерін өз көздерімен көрді. Сондай-ақ олар архив мамандарының көне деректерді қалпына келтіру жұмысымен танысты. Бұл – еліміздің тарихы, және осындай бірегей құжаттарды алғаш рет көру біз үшін үлкен мақтаныш», – деп атап өтті №2 Ғафу Қайырбеков атындағы мектеп-гимназиясының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Бикон Абдульманова.
«АрхивSPACE» жобасының екінші легіне №2 Гафу Қайырбеков атындағы мектеп-гимназиясының 9 және 10 сыныптарынан 35 оқушы қатысты. Жоба орта және жоғары сынып оқушыларын архив қызметімен таныстырып, тарихи деректерді сақтау ісінің маңызын түсінуге және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға бағытталған.
«Экскурсия өте ұнады, құнды әрі қызықты ақпарат алдым. Әсіресе реставрация кабинетіндегі мамандардың көне құжаттарға жан бітіру сәтін көру мені ерекше таңғалдырды. Көрме залы да өзінің мазмұнымен және көрнекілігімен терең әсер қалдырды», – деп өз ойымен бөлісті 10 «Ә» сынып оқушысы Айнұр Оразбай.
Айта кетейік, жоба екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: көрмелерге арналған апталық экскурсиялар және 2026 жылдан басталатын архив саласына қатысты модульдік сабақтар.