08.06.2026

ҚР Президенті Архиві мен «Өзархив» агенттігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

«Digital Archive EXPO» III Халықаралық архившілер конгресі аясында Қазақстан Республикасы Президенті Архиві мен Өзбекстан Республикасының «Өзархив» агенттігі арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат архив ісі, цифрландыру және құжаттық мұраны сақтау салаларында ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру жобаларын ұйымдастыруға, тәжірибе алмасу мен кәсіби құзыреттерді арттыруға, сондай-ақ тарихи жадыны сақтау және архив мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған бастамаларды іске асыруды көздейді.

Меморандумға Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен Өзбекстан Республикасының «Өзархив» агенттігінің директоры Улугбек Юсупов қол қойды. Бұл бастама екі елдің архив мекемелері арасындағы көпжылдық ынтымақтастықтың заңды жалғасы болып отыр. Тараптар ұзақ жылдар бойы тәжірибе алмасып, архив ісі саласында бірлескен бастамаларды жүзеге асырып келеді.

Кездесу барысында Әлия Мұстафина қарқынды цифрлық трансформация жағдайында бірлескен шешімдер қабылдаудың өзектілігін атап өтіп, Қазақстан мен Өзбекстанның архив мекемелері арасындағы кәсіби байланысты одан әрі арттырудың маңыздылығына назар аударды.

«Менің ойымша, бұл арадағы ынтымақтастығымызды дамытуға және тағы да бірлескен жобаларды іске асыруға жақсы негіз болады. Қазіргі уақытта цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері бүкіл әлемдегі архив саласы өкілдерінің назарында. Сондықтан Конгресс аясында талқылау үшін осы тақырыпты таңдадық. Саламыздағы өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасуға мүмкіндік туындап отырғанына қуаныштымын», - деп атап өтті Әлия Мұстафина.

Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының «Өзархив» агенттігінің директоры Улугбек Юсупов қол қойылған құжаттың практикалық маңыздылығына тоқталып, екі елдің архив мекемелері арасындағы одан әрі байланыстың перспективалық бағыттарын айқындады.

«Бүгін қол қойылған ынтымақтастық туралы құжат алдағы уақытта маңызды нәтижелер әкелетініне, сондай-ақ бірлескен тиімді жобаларды іске асыруға серпін беретініне сенімдімін. Біз бірлескен жобаларға қатысуға әрқашан дайынбыз және оларды табысты жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдыруға әзірміз», - деді Улугбек Юсупов.

Сондай-ақ ол меморандумды іске асыру бойынша жол картасын әзірлеуді, бірлескен кітаптар шығару, сондай-ақ қызметкерлерді тәжірибе алмасу және үздік тәжірибелерді зерделеу үшін тағылымдамадан өткізуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл бағыт ерекше қызығушылық тудырып, кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен «Өзархив» агенттігі арасындағы ынтымақтастық 2017 жылдан бері жалғасын тауып келеді. Осы уақыт аралығында тараптар бірқатар бірлескен бастаманы жүзеге асырып, бір-бірінің кәсіби іс-шараларына белсенді қатысуда.

Екі елдің архив мекемелерінің өкілдері тұрақты түрде тәжірибе алмасып, халықаралық конференциялар мен форумдарға қатысады, сондай-ақ Халықаралық архивтер кеңесінің алаңдарында өзара ынтымақтастықты жүзеге асырып келеді.