14.11.2023

Қазақстан Республикасы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңының қабылданғанына 25 жыл

14 қарашада Президент Архивінде Қазақстан Республикасы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңының қабылданғанына 25 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның модераторы Президент Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина болды. Дөңгелек үстелге мемлекет және қоғам қайраткерлері, құжаттамалық басқаруды қамтамасыз ету және архив ісі саласындағы уәкілетті органның өкілдері, архив ісінің ардагерлері, республикалық және өңірлік архивтердің басшылары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары мен студенттері, архившілер мен БАҚ өкілдері қатысты. Астана мен 11 облыстың мемлекеттік архивтерінен әріптестер онлайн форматта байланыста болды. Архив директоры Ә.Қ. Мұстафина салтанатты шараны аша отырып, дөңгелек үстелге қатысушыларды айтулы күнмен құттықтады. - 1998 жылы 22 желтоқсанда «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңының қабылдануы елдегі архив ісінің дамуына үлкен серпін берді. Осы уақыт аралығында Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, бірақ негізгі мән-мағынасы өзгеріссіз қалды: ол – Ұлттық архив қоры Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және оларды Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекет қорғайды. Сонымен қатар архив қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктерін қанағаттандыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға қызмет етеді, - деді Әлия Құсайынқызы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қ.Қ. Бораш салалық жобалардың іске асырылу барысы мен Қазақстан архивтерін одан әрі дамыту бағдарларына тоқталды. Ол дөңгелек үстелге қатысушыларды 2023 жылғы 7-8 желтоқсанда Елордада өтетін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Астана қаласының әкімдігімен бірлесе ұйымдастыратын «ASTANA ARCHIVE FEST» форумына қатысуға шақырды.

Іс-шараның құрметті қонағы, Қазақстанның мемлекеттік және саяси қайраткері, архивтік заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Р.Х. Сариева Заңның қалай қабылданғанын айтып берді. Ол өз естелігінде 1998 жылы заң шығаруда кездескен қиындықтар, күтпеген шешімдер, депутаттар мен қоғам қайраткерлерінің қолдауы сынды тарихи сәттерге тоқталды. «Ең бастысы, алғаш рет әзірленген құжатта Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры туралы ұғымды енгіздік. Архив ісіндегі мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары айқындалды, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, қор жинақтау, пайдаланушылардың құжаттарға қол жеткізуі жөніндегі негізгі мәселелер қамтылды. «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңы отандық архивтердің қызметін жетілдіруге негіз болды», - деді Рысты Халесқызы. Заңды өңірлерде іс жүзінде қолдану тәжірибесі туралы сол кезеңде Жамбыл облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастығы қызметін атқарған Н.Қ. Оспанбекова баяндап берді. Ол заң архившілердің жұмысын қалай реттегенін және қордаланған мәселелерді шешуге көмектескенін жеткізді. Сондай-ақ, дөңгелек үстелде ҚР Парламенті Мәжілісінің I шақырылымының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Р.С. Қуанышбаева, республикалық архивтердің директорлары С.Қ. Шілдебай және І.Б. Ысқақ, архив ісінің ардагерлері А.Ф. Сеитова және В.М. Чупров, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Б.Е. Нұрпейісова сөз сөйлеп, пікірлерін жеткізді. Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның архивтік заңнамасын дамыту бойынша диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді. Олар архив саласының нормативтік әдістемелік базасын жетілдіру мәселелері тек мерейтойлық күндерде ғана емес, архивші мамандардың күнделікті тәртібіне енуі керек екеніне тоқталып тарқасты.