08.08.2025

Қазақстан мен Түркия архившілері құжаттарды цифрландыру мен қалпына келтірудегі тәжірибелерімен бөлісті

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік архивтер басқармасы делегациясымен маңызды кездесу өтті. Жиын барысында қос елдің өкілдері архив ісіндегі тәжірибе алмасу, цифрлық жүйеге көшу және құжаттарға қолжетімділікті арттыру және қалпына келтіру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.

ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина архивтің цифрландыру үдерісі аясындағы қызметі туралы баяндаса, Түркия Президенті жанындағы Мемлекеттік архивтер басқармасының Цифрлық архивтеу бөлімінің басшысы Алкан Балабан, аталмыш мекеменің Түркия Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік архивтер басқармасының мекемелермен байланыс және құжат айналымын басқару бөлімінің басшысы Хакан Дедеоглу Түркиядағы архив ісінің ұйымдастырылу тәжірибесімен бөлісті.

Айта кетейік, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті 2025 жылғы 4-8 тамыз аралығында «Қазақстан архив ісі саласы құжаттарын цифрландыру және қалпына келтіру бойынша оқыту курстарын» өткізді. Оқытуға ҚР Президентінің Архивінен Сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік есепке алу қызметінің мамандары қатысты. Курста архивтік құжаттарды сканерлеу, цифрландыру, қалпына келтіру және құжаттарды жіктеу бағыттары қамтылды. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Айта кету керек, Президент Архиві түрік архивтерімен көп жылдан бері тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Мәселен, 2024 жылдың тамыз айында ҚР Президенті Архивінің делегациясы Ыстанбұл қаласындағы Осман архивіне жұмыс сапарымен барып, түрік әріптестерімен тәжірибе алмасқан болатын. Қазақстандық архившілер құжаттарды қалпына келтіру, цифрландыру, сақтау және оқу залдарының жұмысымен танысып, реставрация саласындағы жаңа тәсілдерді үйренді.