01.05.2025
Қазақстан халқының бірлік жолы архив құжаттарында
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл күні бейбітшілік пен келісім, татулық пен достық дәріптеледі. Бүгінде елімізде бір шаңырақ астында 100-ден астам этнос тату-тәтті өмір сүруде.
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде еліміздің бірегей тарихына қатысты аса құнды құжаттар сақталған. Олардың қатарында түрлі жылдары елімізге жер аударылған өзге ұлт өкілдері, олардың естеліктері, хаттары, фотосуреттері, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы тарихи Жарлық және т.б. саяси маңызды құжаттар бар.
Жақында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толуына орай «Бірлігіміз жарасқан» тарихи-деректі көрме ұсынды. Көрмеге қазақ жерінде орын тепкен түрлі ұлт өкілдері, олардың тағдыры және елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы мемлекеттің, қоғамның рөлін көрсететін 40-тан астам бірегей архивтік құжаттар қойылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығында сөйлеген сөзінде: «Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Осы құндылықтарға арқа сүйей отырып, біз Тәуелсіздіктің зор жетістіктерін сақтап, еселеп, келер ұрпаққа аманаттай аламыз», – деп атап өткен болатын.
Бүгінгі күндегі еліміздің жетістіктері – дәл осы халықтар бірлігінің, өзара сыйластық пен түсіністіктің нәтижесі. Тарихтың қандай кезеңінде болсын, халықтың бірлігі мен татулығы – Тәуелсіз Қазақстанның ең басты тірегі.