24.04.2025

ҚазҰУ-да Президент Архивінің қатысуымен студенттік олимпиада өтті

2025 жылғы 23 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттер арасында Архивтану және құжаттану пәндері бойынша ХVIІ Республикалық пәндік олимпиада өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастық аясында аталмыш Олимпиада 2016 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл іс-шараға қызығушылық танытқандардың саны едәуір артқан. Олимпиадаға 6 команда, яғни 30-дан астам студент қатысып отыр. Соның ішінде ІІМ академиясының курсанттары да бар.

Олимпиаданың бұл жолғы тақырыптық бағыты «Цифрлық трансформация жағдайында құжаттар мен архивтерді басқарудың заманауи трендтері» деп аталды.

Қазылар алқасының құрамында ҚР Президенті Архивінің өкілдері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының оқытушы-профессорлық құрамы және Алматы қаласының мемлекеттік архивінің қызметкерлері болды.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиаданың басты мақсаты – дарынды студенттерді қолдау, олардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамыту, архивші мамандығына деген қызығушылықты арттыру, сонымен қатар жастарды архив ісін цифрландырудың өзекті үдерістеріне тарту болып табылады.

Қазылар алқасы қатысушылардың бүгінгі дайындығы жоғары деңгейде екенін атап өтті. Олимпиада қорытындысы бойынша DataDala командасы жеңімпаз деп танылды.

Іс-шараның соңында барлық қатысушыға сертификаттар мен естелік сыйлықтар беріліп, жеңімпаз командаға арнайы диплом табысталды.