18.12.2024

Аудиовизуалды құжаттарды жинақтау, сақтау және пайдалану мәселесі жөнінде семинар өтті

2024 жылғы 19 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінде аудиовизуалды құжаттарды жинақтау, сақтау, мемлекеттік есепке алу және пайдалану тақырыбында семинар өтті. Іс-шара ҚР Президентінің Архиві мен ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. Семинарға Президент Архиві, ҚР Президенттік орталығы және Алматы қаласы мемлекеттік архивінің қызметкерлері қатысты. Іс-шарада Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің қызметі негізінде арнайы баяндамалар жасалды. Архивтің Сақтауды қамтамасыз ету, мемлекеттік есепке алу және техникалық бақылау бөлімінің басшысы Ә. Бүркітова аудиовизуалды құжаттардың сақталу әдістемесі бойынша баяндама жасаса, біліктілігі жоғары деңгейдегі архивші С. Ақмолда дыбыс жазбаларының тарихы мен фотоқұжаттарды цифрландыру, сақтау, жүйлелеу жұмыстарына кеңінен тоқталды.

Ол ескі суреттерді қай жылы, қай жерде түсірілуі мүмкін деген сұрақтар негізінде фотосуреттерге толыққанды зерттеу жүргізілетінін айтты. Жинақтау және ведомстволық архивтер бөлімінің басшысы Қ. Шоманов аудиовизуалды құжаттармен толықтырудың негізгі мәселелеріне тоқталса, бас сарапшысы Е. Жасыбаев археографиялық тәжірибеде фотоқұжаттарды сипаттау ерекшеліктерін түсіндірді. Ғылыми-анықтамалық аппарат және ғылыми пайдалану бөлімінің басшысы Е. Толықбаева «Таспаланған тарих: архив құжаттарына шолу» тақырыбында баяндама жасады. Өз кезінде семинарға қатысушылар аудиовизуалды құжаттарды жинақтауға, оны сақтауға қатысты сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінде арнайы экскурсия жасалып, аталмыш архивтің жұмысы жақыннан таныстырылды.