27.04.2026
Аудиовизуалды құжаттардың құндылығын бағалау: халықаралық тәжірибе талқыланды
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкерлері аудиовизуалды құжаттарды жинақтау, олардың құндылығын анықтау, сақтау және ғылыми айналымға енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелге қатысты. Шарада Беларусь, Өзбекстан және Ресей архивтерінің сарапшылары өз тәжірибелерін бөлісіп, аталған бағыттағы өзекті мәселелерді талқылады.
«Аудиовизуалды құжаттардың құндылығын сараптау, олармен мемлекеттік және муниципалдық архивтерді толықтыру» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстелді Ресей Федерациясының Архив агенттігі мен Бүкілресейлік құжаттану және архив ісі ғылыми-зерттеу институты (ВНИИДАД) ұйымдастырды. Онлайн форматта өткен іс-шараға Президент Архивінің 20-дан астам қызметкері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында сарапшылар цифрлық форматтағы құжаттар үлесінің артуына байланысты жаңа тәсілдер мен заманауи талаптардың қалыптасып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ электронды архив қорларын толықтыру, деректердің түпнұсқалығын тексеру және оларды ұзақ мерзімге сақтау мәселелері айтылды.
Мұндай халықаралық кездесулер архив ісін дамытуға, озық тәжірибелерді меңгеруге және салалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.