26.06.2025
Аудиовизуалды құжаттар: Астанада архив қызметкерлері үшін оқыту семинары өтті
Таспа мен бейнежазба тарихта мәңгі қалады. Осыған байланысты 26 маусым күні Астанада ҚР Президенті Архивінде жинақтау көздері саналатын мекемелер үшін «Аудиовизуалды құжаттарды қалыптастыру, сипаттау және сақтау жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында оқыту семинары өтті. Іс-шараға Президент Әкімшілігі, Конституциялық Сот, Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық банк, Президент Телерадиокешені және басқа да маңызды мемлекеттік басқармалардан 30-дан астам өкіл қатысты.
ҚР Президенті Архиві мемлекеттік құрылымдармен тығыз жұмыс жасап, жүйелі түрде оқыту семинарларын өткізіп келеді. Бұл – архивке аудиовизуалды құжаттарды тапсырумен айналысатын мамандардың біліктілігін арттыруға арналған кәсіби алаң ғана емес. Сонымен бірге, тарихи жадыны сақтау және мемлекеттік құжаттарды цифрлық форматқа көшіру бағытында жүргізіліп жатқан кең көлемді жұмыстың маңызды бөлігі.
«Бейнематериалдар – бүгінгі ақпарат кеңістігіндегі ең осал құралдардың бірі. Қазір технологияның көмегімен кез келген көріністі қолдан жасап, болмаған жайтты болғандай етіп көрсету оңай. Монтаж бен қойылым арқылы шындықты бұрмалау – қалыпты құбылысқа айналып барады. Сондықтан оларды бағалау мен сақтау оңай емес. Дегенмен аудио, қағаз немесе электрондық құжаттар секілді бейнематериалдар да тарихи жадымыздың ажырамас бөлігі. Біздің міндетіміз – бұл материалдарды дұрыс рәсімдеп, толыққанды сипаттап, сақтау. Бұл алдағы уақытта зерттеушілер мен архив қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді», – деді Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің басшысы Гүлнар Мұқажанова.
Семинарда Архив мамандары мазмұнды баяндамалар жасады. Мәселен, Шынар Түкешова аудиовизуалды коммуникациялардың эволюциясы және фотоқұжаттар, фонограммалар мен бейнематериалдармен жұмыс істеудің қазіргі тәсілдері туралы баяндады. Аға сарапшы Қарлығаш Мұрзабекова құжаттардың көркемдік және техникалық құндылығын бағалау, олардың форматы мен тасымалдаушының жай-күйіне қарай сипаттау тәртібі туралы кеңінен баяндады.
Президент Телерадиокешенінің өкілі Әлия Аймағамбетова да өз тәжірибесімен бөлісті. Ол бейнематериалдарды мәтіндік құжаттармен толықтыру тәсілдері, сәйкестендіру әдістері және сақтау шарттары туралы айтып өтті.
«Семинар өте өзекті тақырыпты қамтыды. Қазіргі уақытта ақпараттың едәуір бөлігі аудио және видео форматта сақталады. Мемлекеттік маңызы бар көптеген іс-шаралар осындай материалдармен сүйемелденеді. Ертеңгі тарих осы құжаттар арқылы жазылады. Өткен күннің әрбір сәті – тарих, ал оны келешек ұрпаққа дұрыс жеткізу үшін мұндай құжаттарды сауатты сақтау қажет. Бұл – аса маңызды әрі жауапты іс», – деді Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің қызметкері Артур Аубакиров.
Семинар аясында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды, тәжірибелік мысалдарды талқылады, арнайы тапсырмаларды орындап, сала мамандарының кеңесін тыңдады. Іс-шара соңында барлық қатысушыға арнайы сертификаттар табысталды.