04.05.2026
Ғасыр жасаған архивші: Диляра Искакова 100 жасқа толды
Бүгін архив саласының ардагері, Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Партия тарихы институты директорының партия архиві жөніндегі орынбасары қызметін ширек ғасырға жуық атқарған Диляра Атаулиновна Искакова 100 жасқа толып отыр.
Диляра Искакова 1950 жылы еңбек жолын қазіргі ҚР Президенті Архивінің негізі болған партия архивінде бастап, ұзақ жылдар бойы осы саланың дамуына зор үлес қосты. Оның басшылығымен 1920-1940 жылдардағы құжаттарды жүйелеу, жұмыс ережелерін әзірлеу және тақырыптық каталогқа айналған атаулы картотекалар жүйесін қалыптастырды. Сонымен қатар саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын анықтау бағытында көптеген азаматтардың адал есімін қалпына келтіруге көмектесті. Соғысқа қатысушыларға майдандас достарын, туған-туыстарын іздестіруде ауқымды жұмыстар жүргізді.
Ол ғылыми жолда да айтарлықтай жетістіктерге жетті. Тарих ғылымдарының кандидаты ретінде көптеген мақалалар жазып, құжаттар топтамасын жариялауға көмектесті. Мәскеу, Ташкент, Алматы қалаларында өткен халықаралық және республикалық конференцияларда баяндама жасап, 1972 жылы өткен VII Халықаралық архившілер конгресінің делегаты болды.
Диляра Искакованың көпжылдық еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол «Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағына, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасына және «Архив ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды. Оның кәсіби шеберлігі мен өз ісіне адалдығы - бүгінгі архив қызметкерлері үшін үлгі болып қала бермек.